Моншақ тізген хас шебер – Елдос Әнкей
Көздің жауын алар әдемі бұйымдар адамның ой-санасын жетілдіріп, жанын ләззатқа бөлейді. Соңғы жылдары халықтың қолдан жасалған кәдесыйлар мен әшекейлерге деген сұраныс анағұрлым артып келеді. Елорда тұрғыны Елдос Әнкей су моншақ пен кесте тігуді үш жыл бұрын бастапты. Бүгінде бұл кәсіп оның сүйікті ісі әрі табыс көзіне айналып отыр.
Елдос Әнкейдің көз майын тауысып, көп уақыт пен сабырлықты қажет ететін өнердің бұл түрімен айналыса бастағанына небәрі 3 жыл болды. Алайда осы қысқа мерзімде бірнеше туындынын жасап үлгерген. Нәтижесі жаман емес. Бұйымдары көздің жауын алады.
Елдос Әнкей, қолөнер шебері:
- Ес білгелі осы іспен айналысқандықтан, көргенімді, білгенімді қайталап, жасап үйрендім. Бірақ мен мұндай дәрежеге жетемін деп ойлаған жоқпын. Күнделікті тамағымды, киімімді осы кәсіп арқылы тауып жатқаныма еш ұялмаймын.
Табиғи тастардан жасалған алқалар қолдан-қолға тимей, әп сәтте өз иесн тауып жатады. Себебі сапасы жоғары, бағасы да қолжетімді. Шебер өз бұйымдарын әлеуметтік желілерде жариялап, тапсырыс берушілермен ғаламтор арқылы байланысады.
Елдос Әнкей, қолөнер шебері:
- Арманым, мақсатым – дизайнер болу. Аида Қауменова, Құралай Нұрқаділова сияқты шоу-бизнес адамдарын осындай бұйымдармен қамтамасыз еткім келеді.
Отандық шоу-бизнес өкілдері және тележүргізушілермен байланыс бүгінгі күннің өзінде де орныға бастапты. Өнер майталмандары әдемі әшекейлерді сахналық киімдерін әрлеу үшін арнайы сатып алады.
Авторы: Айнұр Ақылбайқызы, Аят Дүйсенбаев
(Мұрағат: 8 қаңтар, 2015 жыл)