Қолма-қол қомақты қаржыны декларация жасамай шетелге алып шығатын қазақстандықтар саны артқан
Ал Заң бойынша 10 мың долларынан асқан қаржыны жолаушылар декларациялауы тиіс. Бірақ оған құлақ асатындар аз. Себебі жаза жұмсақ. Мысалы, жаңағы 96 млн теңгені жарияламаған азаматтарға небәрі 336 мың теңге айыппұл салынған.
Шықырлаған ақшаны шықырына қыстырып шетел асатындар көп. Қомақты қаржыны қойын-қонышына жасырып, өзге елде жаратуға асығады. Заңсыз түрде, яғни декларацияламайды. Себебі неде?
Азат Есмағамбетов, «Әуежай-Астана» кеден бекетінің жетекшісі:
- Оның себебі көп. Біреуі асығып тұрады, біреуі мұны маңызды деп санамайды. Ал кейбірі қасақана декларация жасауға қарсы. Себебі өз туралы қандай да бір мәліметтің ақпараттық жүйеге түскенін қаламайды. Яғни осынша көп ақшасы барын білдіргісі келмейді.
Заң бойынша 10 мың доллардан артық ақша декларациялауға жатады. Яғни осынша қаржыны қолма-қол сырт елге алып шыққыңыз келсе, заңды түрде рәсімдеуге тиіссіз. «Астана-Әуежай» кедендік бекеті былтыр декларацияланбаған 200 млн теңгені анықтаса, биыл қолма-қол қаржыны заңсыз шығаратындар күрт артқан. Тек бір айдың өзінде – 96 млн теңге. «Бұл – рекорд», - дейді кеден бекітінің жетекшісі.
Азат Есмағамбетов, «Әуежай-Астана» кеден бекетінің жетекшісі:
- Біреулер Дубайдан көлік әкелгісі келеді, енді бірі Түркиядан баспана сатып алуға ақша шығарады. Көбі банктердің процентін төлеуден қашып, қолма-қол тасымалдауға тырысады. Мысалы, жақында «Нұр-Сұлтан-Дубай» бағыты бойынша ұшқан бір азамат өзімен бірге 76 мың долларды декларацияламай алып өтпек болды. Біз бұл жұмысты Президенттің тапсырмасы аясында жандандырдық. Сыртқа заңсыз кеткен капиталды елге қайтарудан гөрі, оны елден заңсыз шығармау әлдеқайда оңайырақ.
Қазақстандықтардың декларациялауға құлқы жоқ, себебі біледі – жаза жұмсақ. Мысалы, қомақты қаржыны рәсімдемегендер үшін жаза түрі – 10 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл. Ал бұл – небәрі 30 мың теңге. Қазір Парламентте жаңа заң қаралып жатыр, ол құжат бойынша қолма-қол ақшасын заңды түрде рәсімдемесе, сол әкетіп жатқан сомасының жартысын айыппұл түрінде төлейді. «Президенттің тапсырмасы бар, сондықтан қарайламау керек», - дейді қаржыгерлер.
Тимур Айсауытов, «Damu Research Group» зерттеу агенттігінің директоры:
- Негізі Қазақстан үшін бірінші мәселе – кеткен ақшаларды қайтару емес, Қазақстаннан кетіп жатқан ағымдарды тоқтату. Себебі осы 30 жылда кеткен қаржыны елге қайтару 10-15 жылға созылып кетеді.
Десек те қазақстандық инвесторлар шетелге инвестиция салуды арттырды. 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында 1,5 млрд АҚШ долларын шетке жіберген. Ақша аударымдарының ішінде басым бөлігі – офшор елдері. Ең көп сумма Кайман аралдарына аударылған. Бұл елге аударылған ақша көлемі бір жылда 3 есе көбейді. Артынша Ресей, үшінші орында да офшор – Сейшел аралдары тұр.
Бақыт Тұқылов, заңгер:
- Неліктен ақшасы бар азаматтар капиталды Қазақстаннан тысқары алып кетуге тырысады? Себебі сенбейді. Қазақстанға инвестиция салғысы келмейді, өйткені біздің елде меншік құқығы қорғалмайды, оны тартып алады деп қорқады. Ал заңсыз активтер бойынша айтарым, бұл – жүйелік жұмыс. Бұл, түптеп келгенде, сот әділдігінің, заң үстемдігінің мәселесі».
Сонымен, кетеріне де, кеткеніне де бақылау күшейді. Қазақстан қыруыр қаржыны қайтара ала ма? Мамандардың болжамы көңіл көншітпейді. Бұл ұзақ әрі күрделі процесс екенін айтады, ал ең бастысы, саяси жігер қажет. Бұл ретте көршілер озды. Кеше Өзбекстан Франциядан Гүлнәр Кәрімованың 10 миллион долларлық активтерін қайтарғанын хабарлады.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Қанат Әбілдин