Базардағы шу: депутаттар азық-түлікке қанша жұмсайды?
Мәжіліс депутаттарымен кездескен сатушылар монополия салдарынан бәсекенің жоқтығына наразылық білдірді. «Салдарынан баға өсіп, кәсібіміз жүрмей отыр», - дейді сатушылар.
Елорданың шетіндегі базардағы жергілікті сатушылардың көбі Мәжіліс депутаттарын ешқашан көрмеген. Сондықтан болар, халық қалаулыларынан саудагерлер бастапқыда жасқанды. Десе де кейін монополия, тамыр-таныстық пен қосылған құн салығына қатысты шағымдарын ашық айтты.
Бауыржан Сайдашев, кәсіпкер:
- Ешқандай еркін бәсеке жоқ. Бұл жерде жұмыртқа сататын шағын бутигім бар еді. «Базар директорының туысына бәсекелес болдың», - деп дүкенімді жауып тастады. Тұнып тұрған монополия. Фабрикада 27 теңге тұратын жұмыртқаның өзі делдалдардан мұндағы тұтынушыларға жеткенше 40 теңге болады.
Кейбір саудагерлердің сөзінше, мұнда өзге азық-түлікті де сату мұң. «Ісің өрге бассың десең, әкімшілікке жағыну керек. Ал сәлемің түзу болмаса, базарға тауар жеткізіп, сату түгіл, кіру де арман боп қалады», - дейді олар. Алайда бұл пікірмен базар әкімшілігі келіспейді.
Мұратбек Ахматов, «Шарын» базарының директоры:
- Тауарды кәсіпкерлердің өздері алады. Бағасы жақсы болса ала береді.
Мәжіліс депутаттары «Шарындағы» шағымдарды тыңдады. Әр фермер делдалсыз сатуға мүмкіндік беретін әлеуметтік орындарды құру туралы ұсыныс білдірді. «Екі аптада кездесу қорытындысы дайын болады, мәселені анықтаймыз, қолдан келгенше шешеміз», - деп саудагерлерді сабырға шақырды.
Елдос Абаканов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бүкіл бағаның қалыптасуы базардан басталады. Базар қаншалықты дұрыс жұмыс істеп жатыр? Қандай базарда қандай мәселелер бар? Осыны білуге келдік. Депутаттар халықпен кездескеннен кейін, әр күн бойынша қорытынды жасаймыз. Яғни бүкіл мәселені өзімізге жазып алып, бақылауда ұстаймыз.
Әкімдік пен полиция өкілдері де депутаттармен бірге халық мұң-мұқтажын тыңдады. Мың жарым адам жұмыс істейтін базарда тұрғылықты мекенжайы жоқтар бар. Тіркелгісі келеді-ақ, бірақ біресе анда, біресе мында сілтеген мемлекеттік органдардан күдерін үзген.
Құқық қорғау органдарымен бірлескен халық қалаулылары бір сағатқа жуық уақытта барлық шағымды тыңдады, бағаларды сараптады. Маңызды мәселелерді қағаз бетіне түртіп те алды.
Лариса Павловец, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біз халықпен жазбаша тілдеспей, осылай ашық диалог құрсақ, мәселені шешуге анағұрлым септігін тигізеді деп ойлаймыз. Бағаларға келер болсақ, арзан деп те, қымбат деп те айта алмаймын. Өз басым азық-түлікке айына 15-20 мың теңгедей ғана жұмсаймын.
Айтылған уәделер орындалып, түйткілдер шешімін тапса, базар жұмысы да ретке келеді деген үміт бар.
Авторлары: Дана Алиева, Аманжол Байғазин