Ақтөбелік жауынгер бес адамды өрттен құтқарып қалған
Елдігімізді сақтап қана қоймай, күнделікті өмірде де ерлік танытып жүрген сарбаздар жетерлік. Мәселен Ақтөбедегі 66/55 әскери бөлімінің жауынгері Рысқали Еңсепбаев 5 адамды өрттен құтқарған. Ол: «Жауынгер кез келген уақытта көмекке келуге дайын болуға тиіс»,- деп есептейді
Кезекті жұмыс күнінен кейін үйіне бет алған Рысқали Еңсепбаев екіқабатты баспананың жалын құшып, қара қою түтіннің будақтағанын байқайды. Ойланбастан өртеніп жатқан пәтерге кіріп, егде жастағы екі азаматты алып шыққан. Тілсіз жаудың өршігенін ескеріп, екінші қабатта тұратын бір әйел мен оның екі бүлдіршінін терезе арқылы шығарған.
Рысқали Еңсепбаев, ҚР ұлттық ұланы 6655 әскери бөлімі кадр бөлімінің аға маманы:
- Басты құндылығымыз – адамның өмірі. Оның өмірін қолдан келгенше арашалап алып қалу керек. Ол жерде әскери міндет те бар, өзімнің азаматтық міндетім де бар. Мұндайда ойланып қарап, оны бағдарлап тұратын уақыт жоқ.
Антына адалдық танытып, көпшілікті сүйсіндірген сарбаз Ұлан Мырзабай да 66-55 әскери бөлімнен.
Қаңтардағы қақтығыста жас офицермен бірге қатардағы жауынгерлер де табандылық танытты. Василий Ларичев басынан ауыр жарақат алғанына қарамастан, бүлікші топты тәртіпке шақырған.
Василий Ларичев, ҚР Ұлттық ұланы 6655 әскери бөлімінің жауынгері:
- Бізге қарай тас атып, түрлі заттар лақтыра бастады. Қою түтін мен газдан көз ашу мүмкін болмай кетті. Дегенмен орнымыздан тапжылмадық. Сол кезде басыма белгісіз заттың тигенін сездім. Одан кейінгісі еміс-еміс есімде. Қасымдағы жолдасыммен орын ауыстырғанымды білемін.
Жауынгер ерлігі елеусіз қалмады. Басын қатерге тіккен Василий Ларичев Ішкі істер министрлігі атынан «Құқық тәртібін қамтамассыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болат Молдағалиев