Өскемен маңындағы Предгорное ауызсусыз отыр
Тұрғындар жарты айдан бері әуре-сарсаңға түсіп келеді. Олардың айтуынша, әдбен тозығы жетіп тұрған инженерлік желіге жеке кәсіпкерлердің жаңа сорғы құрылғысын орнатуы ауыр салмақ түсірген. Ауылдық ағайын биліктен мәселені тезірек шешіп беруін сұрап отыр.
Предгорные ауылының тұрғындары үшін биылғы наурыз айы естен кетпестей болды. Бұл жолы айшықты мерекемен емес. Олар қолдарына күрек-кетпен алып, су құбырының жарылған тұсын іздеумен әбігер болды. Алайда апат әлі жойылмады. Тұрғындар ауызсуды әркімнің ауласындағы колонкалардан тасып жүр.
Лариса Кузнецова, ауыл тұрғыны:
- Міне, 15 күн болды, кейбіреулерінде тіпті бір айдай су болмады. Біздің үйден су алады. Колонкамыз бар, содан су алады.
Техникалық апат шаруашылыққа да кесірін тигізіп жатыр. Фермер Оразғали Оралбай төрт түлікке күніне 500 литрге дейін су беруі қажет. Енді тығырыққа тіреліп отыр. Тұрғындар келеңсіздікке кәсіпкерлерді кінәлайды. Айтуларынша, олар коммуналдық кәсіпорынның келісімінсіз терең сорғы құрылғысын орнатқан көрінеді. Өткен ғасырдың 30-жылдары қолданысқа берілген желі мұндай қысымға шыдас бермеген.
Оразғали Оралбай, ауыл тұрғыны:
- Апат болғаннан кейін судың бәрін тоқтатып тастады. Элеваторға жаңадан құбыр тартты. Содан кейін біздің жақтың құбырын түгел қосқан кезде біздікін айырып тастады.
Ал жергілікті әкімдік өкілдері келеңсіздіктің уақытша екенін алға тартып, су құбырының техникалық апатқа жол берген кәсіпкер есебінен жөнделетінін айтты.
Мәдина Ахатова, Краснояр ауылдық округінің әкімі:
- Жаңа сорғы жабдығын орнатқан кезде су құбыры жарылған. Келеңсіздікке тұрғындардың қатысы жоқ. Коммуналдық қызмет пен кәсіпкерлер бірлесіп, бұл мәселені жуық арада шешеміз.
Ауызсу мәселесі Предгорное ауылында ғана емес, Глубокое ауданының ортақ мәселесіне айналып барады. Мәселен, Белоусов ауылындағы құбыр желісін жаңғыртуға 2 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалғанымен, шағын аудандарға су уақытылы берілмейді.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Дмитрий Пыхтин