Петропавлда «Мемлекеттік рәміздер – елдіктің символы» атты конференция өтті
Бейбітшілікпен ынтымақтастықтың символына айналған көк Туымыз, Елтаңбамыз бен асқақ Әнұранымызға 30 жыл. Айтулы датаға орай еліміздің солтүстігінде түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Солардың бірі – «Мемлекеттік рәміздер – елдіктің символы» атты республикалық конференциясы.
Елтаңба авторы Шота-Аман Уәлихановтың 90 жылдығына арналған «Мемлекеттік рәміздер – елдіктің символы» республикалық конференциясы Петропавлда өтті. Маңызды жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты. Басқосуда азаматтар көрнекті сәулетшінің өмір жолымен, оның тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан сүбелі үлесі жайында сөз қозғады. Конференция барысында «Шота-Аман Уәлихановтың шығармашылық мұрасы» жетітомдық жинағы кітабының тұсауы кесілді. Шараға оның ауылдастары да арнайы келді.
Уәлихан Құлбаев, Ш. Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық мұражайының директоры:
- Шота ағамыздың кіндік қаны тамған елі – біздің Сырымбет елі. Міне, оның үйі осы Сырымбетте бертінге дейін бар. Кәкімбек Салықов екеуі бір партада отырып, бірге оқыған. Елі үшін еңбек етті, үлкен дәрежелерге жетті. Қайда жүрсе де елін ешқашан ұмытпаған.
Сондай-ақ мереке қарсаңында петропавлдық жастар көк байрағымызды көкте ұстап, көліктерімен қаланың басты көшелерімен жүріп өтті. Әуежай алдынан бастау алған автошеруде арнайы безендірілген 30 көлік сап құрды. Бұл санның таңдалуы бекер емес. Өйткені мемлекеттік рәміздерімізге биыл 30 жыл.
Әлфараби Мыңбай, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
- Тұрғындарының сұранысы бойынша қаламыздағы тұрғын үйлердің балкондарына тулар ілініп жатыр. Ертең 10:00-де бір мезетте халық болып Әнұран айтамыз. Соған жастар болып қатысамыз. Мұндағы мақсат – жастардың мемлекеттік рәміздерге деген құрметі көрсету және патриоттық сезімін ояту. Бұл жерде біз көбіне жастарды қамтып жатырмыз.
Акция барысында бейбітшілік пен ынтымақтастықтың символына айналған көк Туымыз, Елтаңбамыз бен асқақ Әнұранымыз барынша әспеттелді. Осылайша, кейінгі толқын қала тұрғындарын бір серпілтіп тастады.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов