Қарағандылық дәрігерлер кәсіби мереке қарсаңында 8 номинация бойынша марапатталды
Биыл дәрігерлер 8 номинация бойынша марапатталып отыр. Әрбір жеңімпаз қомақты қаржылай сыйақы алды. Олардың арасында саналы ғұмырын адам өміріне араша түсуге арнағандар бар.
Борис Выдря – ақхалаттылардың ішінде ең сыйлысы. 35 жылға жуық уақыт облыстық Жедел жәрдем станциясында жұмыс істеп келеді. Білікті маман жастарға үлгі. Оған «Қызметіне адалдығы үшін» деген номинация бойынша ең басты сыйлық – 2 млн теңге табысталды.
Борис Выдря, облыстық Жедел жәрдем станциясының бөлім басшысы:
- Менің мемлекетке деген алғысым шексіз. Оқытты, жұмыс берді, біз сол жолмен әлі де жүріп келеміз. Барша әріптесімді мерекемен құттықтап, антқа берік, кәсіпке адал болуға шақырамын.
Саят Кенжебаев – облыстағы танымал жоғары санатты нейхрохирург. Ол да құрмет тұғырында. Талай жанды ажалдан арашалап қалған дәрігер: «Ең үлкен марапат – сәтті өткен операциядан кейінгі науқастың жақындарының айтқан алғысы», – дейді.
Саят Кенжебаев, Х. Мақажанов атындағы Көпсалалы аурухананың нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі:
- Жалпы хирургия деген – алғысы мол мамандық. Бірақ жауапкершілік те жоғары. Мүлт кетіп, қателесуге болмайды. Еңбек тәжірибеге қарамастан күні бүгінге дейін үйреніп келемін. Себебі біздің мамандықта үйрену, жаңашылдыққа ұмтылу аса маңызды.
Қарағанды облысы алғашқылардың бірі болып медицина саласында мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті енгізді. Соңғы бес жылда денсаулық сақтау саласында бизнес қаражатына 50-ден астам жоба іске қосылды. Енді мықты кадрларға көңіл бөлінеді.
Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:
- Биыл да 200 пәтер жас мамандарға берілетін болады. Оның көбісі ауылдарда. Жас мамандар дипломдарымен ауылға баруы керек. Соңғы екі жыл, індет кезі көрсетті ғой, ең парасатты, ең құрметті мамандық ол – медицина саласының қызметкерлері. Сіздерге көп рақмет.
Кеш Қазақстан эстрада жұлдыздарының концертімен жалғасты. «Мұндай ауқымды жоба екі жылға жалғасқан пандемиядан кейін дәрігерлерге деген ерекше ілтипат», – дейді ұйымдастырушылар.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпхар