Елімізде жұмыссыздық мәселесін шешу мақсатында алғашқы онлайн еңбек жәрмеңкесі өтті
Елімізде онлайн еңбек жәрмеңкесі өтті. Enbek.kz порталына кіре отырып, кез келген үміткер өзін қызықтырған жұмыс орны туралы мағлұмат алып, түйіндеме қалдыруына болады. Талапқа сай келген тұлғаларды отандық компаниялар жұмысқа алады.
Жұмыс іздесек, кеңселер мен түрлі компаниялардың есігін қағу бізде қалыптасқан жағдай. Оларда бос орын бар ма, ол жайында мүлде хабарымыз жоқ. Содан жұмыс табу оңайға соқпайды. Міне, осы мәселені шешу мақсатында елімізде алғашқы онлайн еңбек жәрмеңкесі өткізілді. Enbek.kz порталына кірсеңіз, бос орындардың тізімімен таныса аласыз. Кей компаниялар маманға төлейтін жалақы мөлшерін де көрсетіп қойған. Жоғары, орта білімді тіпті арасында дипломсыз азаматтарда сұранысқа ие.
Айгүл Канкереева, компания менеджері:
- Жәрменке аясында өз түйіндемесін жіберген жастар көп. 16 адаммен бейнебайланысқа шығып, танысып та үлгердік. Енді олардың біліктілігі текесерілетін болады. Біздің компания Қазақстанның бес өңірінде жұмыс істейді. Кәсіпорындарда дәнекерші, ағаш, металл өңдеуші маман сияқты жұмысшылар тапшы.
Мұндай мысалдар баршылық. Қорыта айтқанда, дәл қазір отандық 23 ірі компания өзіне 1320 маманды қызметке алуға ниетті. Мамандық түрлері 50 асады.
Жанболат Данияров, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ департамент директорының орынбасары:
- Жұмыс іздеушінің тұратын аймағына байланыс жоқ. Жұмыс іздеуші Семейде тұрса, жұмыс беруші қабылдауға дайын тұрса, өздері келісіп өзара шеше алады. Қайдан келетіні маңызды емес.
Ал ақтөбелік жас кәсіпкер Нарқыз Тәжіғалиева өздігімен ізденуді әдетке айналдырған. Тіпті елде жарияланған пандемия кезінде де тігін ісін тоқтатпай, алға жылжыта білді. Жігерлі жас жасыл экономиканы дамыту аясындағы байқауға қатысып, 2 мың АҚШ доллары көлеміндегі грантты ұтып алғандығы тағы бар. Ізденістің жемісі. Бүгінде сол арқылы ісін ілгерілетіп отыр.
Нарқыз Тәжіғалиева, кәсіпкер:
- Күнделікті өмірде, яғни әйел адамдарға спорт киіммен жүрмес үшін ерекше үлгідегі киімдерді шығаруды көздейміз. Бұл ісімді ешқашан тоқтатпаймын деп ойлап отырмын. Негізі бұл кәсіп «не жасап жатқанымды мемлекетке көрсетуім керек» дегеннен басталған еді. Әлі күнге дейін өкінбеймін.
Міне, осылай әркім өзі таңдаған жолмен әрекет етуде. Алғашқы онлайн еңбек жәрмеңкесі 18 бен 35 жастағы азаматтарға арналды. Жарияланған 1320 жұмыс орнына орналасуға үш күнде 4 мыңнан астам адам түйіндемесін қалдырыпты. Ұйымдастырыушылар алдағы уақытта осындай жобаларды халықтың түрлі топтары үшін ай сайын өткізуді жоспарлауда.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Самат Сүлейманов