«Саламатты Қазақстан» жобасы аясында жолға шыққан медициналық пойыз Павлодар облысына тоқтады
Содан соң Ақсу қаласына қарасты ауылдарға жол тартты. Пандемия кезінде пойыз екі жыл тоқтап тұрған еді. Биыл сапарын қайта жандандырды. Бұл жоба дәрігер жетіспейтін шалғай ауыл тұрғындары үшін тиімді.
Мамайыт Омаров, Құркөл, Еңбек ауылы. Бір ауылдық округке кіретін үш елді мекенде халық саны 3 мыңнан асады. Олардың 800-і – 18 жасқа дейінгі балалар. Медициналық пойыздың келе жатқаны туралы халыққа алдын ала хабарланған. Дәрігер ауылда бар. «Тек кейбір мамандар тапшы», – дейді тұрғындар.
Бибіжан Асарбекова, ауыл тұрғыны:
- Ауыл адамдары салалы мамандардың көмегіне зәру. Ультрадыбыстық зерттеуден өтіп, кардиолог, терапевт, стоматологқа көрініп жатыр. Егер бұрын тек тісті жұлған болса, қазір емдеп жатыр. Мен өз басым кардиологқа қаралдым. Ақсуға баруға бәрінің бірдей мүмкіндігі бола бермейді.
Дәл осындай медициналық тексерулер барысында көптеген ауру түрлері анықталып жатады. Мамандар сол жерде кеңес береді. Дәрі-дәрмек қажет болған жағдайда ары қарай емделуіне жолдама қарастырылған.
Аман Қасенов, медициналық пойыз басшысы:
- Бізбен бірге ауыл адамдарына аса қажет салалық мамандар өте көп келе жатыр. Бұл жобаның өзі сол шалғайда жатқан елді мекен тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетуге бағытталған. Бізге келген адамдар тексеруден өтіп, тиісті ем-шаралар алады.
Жолдағы емхана кешені заманауи емдеу құрылғыларымен жабдықталған. Дәрігерлік құрамда терапевт, педиатр, кардиолог, акушер-гинеколог, окулист, стоматолог, травматолог, хирург және жалпы тәжірибелік дәрігер бар. Ультрадыбыстық зерттеулер мен рентген жасалады.
Нұрипа Тайжанова, ауыл дәрігері:
- Таңғы 08:00-ден бастап үш ауылдың халқы келіп, өздеріне медициналық көмек алып жатыр. Көбінесе бізге керегі – стоматолог, невропатолог. УЗИ кабинет болатын. Халықтың барлығы дән риза, алғыстарын айтып жатыр.
Медициналық пойыздың жолға шыққанына бір жарым ай болды. Осы кезеңде 25 станцияда аялдаған жылжымалы кешеннің көмегіне жүздеген адам жүгінген. «Олардың арасында бір жасар баладан 90 жастағы қарияға дейін бар», – дейді мамандар. Пандемияға байланысты екіжылдық үзілістен кейін жолға шыққан пойыз әлі төрт айдай ел ішін аралап, қабылдау өткізеді.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат