Оралда әкімдік 300-ге жуық тегін жер теліміне өтініш бергендерді өздері іздеуге кіріскен
Алайда олардан өтініш түспей жатыр. Ұзақ уақыт сарыла күтіп, үміті үзілді ме, әлде басқа себеп болды ма, белгісіз. Енді әкімдік қызметкерлері оларды өздері іздеуге кіріскен. Қала билігі биыл Круглоозёрное кентінен 900 жер телімін береді. 2002-2004 жылдары кезекке тіркелген 608 тұрғынның құжаты қабылданып, ендігі рәсімделіп жатыр. Ал қалғаны кімге бұйырары әзірге беймәлім.
Асхат Құлбаев, қала әкімінің орынбасары:
-Біз бұл азаматтарды таппасақ та, олар кезектен шығарылмайды. Тек олардан кейінгі азаматтар алға қарай жылжи береді. Жер телімі алдымен үш жылға жалға беріледі. Осы мерзім ішінде тұрғындар үйді салып бітіруі керек. Сонда ғана жылжымайтын мүлікті жекешелендіре алады. Ал оған дейін жерді басқа біреуге жалға беруге немесе сатуға құқы жоқ.