Жаңа технология — жетістіктер бастауы

Биыл бесінші рет ұйымдастырылған IT жиында Samsung компаниясының өкілдері еліміздің цифрлық реформаларын толық қолдайтынын атап өтті.

Samsung Electronics Қазақстан нарығында ширек ғасырдан астам уақыт бойы өзінің инновациялық өнімдерін ұсынып қана қоймай, айти технологиялардың дамуына да өз үлесін қосуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен пленарлық сессияда Ин Йонг Ри Корея 1996 жылы коммерциялық мобильді сервисті енгізген алғашқы ел екенін атап өтті. Содан бері жаңа технологияларды алға жылжытуды тоқтатқан емес.

Ин Йонг Ри, Samsung Electronics корпоративтік президенті:
-Samsung өз өнімдерін өндіру кезеңінде үнемі «ақылды заттарды» біріктіріп келеді. Одан әрі технологияны дамытуда цифрлық жүйеге баса көңіл бөлуді жоспарлап отырмыз. Бұл Корей елі үшін «ақылды қалаларды» салуда өте маңызды. Ақылды қалалардың құрылысы күн панельдерінің жүйелерін бейімдеуге, электр энергиясын тиімді сақтауға мүмкіндік береді.

Форум аясында Samsung компаниясы оқушылар арасындағы Solve for Tomorrow байқауының жеңімпаздарын марапаттады. 1 наурыз бен 27 қыркүйек аралығында өткен конкурста қатысушылар түрлі салаларда бірегей IT шешімдерді әзірлеу арқылы сайысқа түсті.

Берік Омаров: Қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджер:
-Биыл қатысушылардың саны рекордтық көрсеткіш – 800 адамға жетті. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда екі есе көп. 370 команданың ішінен ең мықты 10 команда іріктелді. Бұл — қайырымдылық жобасы. Байқау мектеп оқушыларына өз елдеріндегі немесе жаһандық әлеуметтік мәселелерді шешуге қабілетті идеяларын жүзеге асыруға көмектеседі.

Бірінші орын алған ақтөбелік Virgo командасы кеншілерді зиянды шығарындылардан сақтайтын арнайы құрылғыны ойлап тапқан. Ауылшаруашылық роботын құрастырған қостанайлық «Ortus» командасы екінші орынды иеленді. Жүлделі үшінші орынға тұрақтаған шымкенттік оқушылар толыққанды қол протездерін жасап шығарды. Жеңімпаздар 300 мыңнан 4 млн теңгеге дейін қомақты сыйақы алды.

Авторлары: Құралай Жұмахан, Аманжол Байғазы