«Қазақмыс» жиһангез Сәрсенбай Қотырашевқа пәтер сыйлады
Алты ай бойы ел аралаған Сәрсенбай Қотырашев 8 мың шақырымды артта қалдырды. 72 жастағы қария жол бойы 12 жұп аяқ киім тоздырған. Оның әр қадамын қалың жұрт ғаламтордан бақылап отырды. Жиһанкез жарты жылда 17 облыстың аумағынан өтіп, 20 астам қалаға аялдаған. Қазақтың қонақжайлылығына тәнті болғанын айтады.
Сәрсенбай Қотырашев, жиһанкез:
- Тамақтан таршылық көрген жоқпын. Барлық жерде тамағым тегін. Барған жерімде керемет деген байлардың өзі қолы жетпейтін бес жұлдызды қонақ үйіне қондырып, орын алып беріп, бронь жасап құрмет көрсетті. Бұдан артық қандай құрмет керек?. Осындай құрметтің арқасында жігерленіп, соның арқасында міне мерзімінен бұрын аяқтап келіп отырмын. Күнтізбе бетіне қымыз мейрамын шығарсам, менің арманым жоқ.
Ауылға аман-есен оралған ақсақалды тосын сый күтіп тұрды. Ұлытауды ұлықтаған жиһанкезге «Қазақмыс» корпорациясы екі бөлмелі пәтер сыйлады. Бұған қоса ішін жиһазға, тұрмыстық техникаға толтырған.
Нұрахмет Нұриев, «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС бас директоры:
- Қариямыз жаңадан құрылған облысты насихаттап, ішкі туризмнің дамуына өлшеусіз үлес қосып отыр. Оның бұл ерлігі жастарға үлгі. Екінің бірі 8 мың шақырымды жаяу жүріп өте алмайды. «Қазақмыс» корпорациясы мұндай ерекше жандарды қолдауға әрқашан дайын.
Жиһанкез жүрген жерінде Ұлытаудың киелі орындарын, ұмыт бола бастаған «қымызмұрындық» мейрамын насихаттаған. Бұдан бөлек әр өңірдегі қолөнер шеберлерінің тізімін жасап, «ЮНЕСКО» халықаралық ұйымына табыстапты. Оның бұл сапары Гинестің рекордтар кітабына енуі мүмкін. Сәрсенбай Қотырашев енді Меккеге жаяу баруға ниеттеніп отыр.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Зарина Зұлпыхар