Хабар телеарнасы

Еліміздегі ауыл шаруашылығы жерлерінің құнары кетіп барады

Бұл 90 млн гектар жер. Мұндай ақпарат Дүниежүзілік топырақ күніне орай ұйымдастырылған халықаралық конференцияда айтылды. Жиында ғалымдар топырақтың құнарсыздануы азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келтіретінін айтып, дабыл қақты. Себебі адамзат тұтынып отырған тамақтың 95% жерден шығады. Ал әлем бойынша жыл сайын 1,5 млн гектар жер тұзданып, жарамсыз боп қалып жатыр. Сондықтан «дүниежүзі елдерінің барлығы бұған алаңдаушылық танытып, алдын алу шараларын қолға алуы тиіс», — дейді мамандар.

Мұрат Теміржанов, ҚР АШМ жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы:  
-Қазір біз пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарумен қатар құнарсызданып кеткен алқаптарды тыңайтуды да қолға алып отырмыз. Ол үшін бірнеше министрліктің басын қосатын бірыңғай топырақ кластері қызметін құрамыз. Оған агро-химия, топырақ және биоботаника, сондай-ақ, мелиорация қызметтері кіреді. Мұның бәрі жерді игеріп отырған кәсіпкердің жауапкершілігін күшейтіп, топырақтың сапасын бақылауға мүмкіндік береді.