Семейліктер: ядролық сынақтардан зардап шеккендерді әлеуметтік қорғаудың жаңа заңын қабылдау керек
Мәселен, мүгедектер өз ақшасына емделіп, он екі мүшесі сау адамдармен теңдей жұмыс істеуге мәжбүр. Бұрынғы Семей ядролық полигонының адамдары үшін жалғыз жеңілдік тек экологиялық демалыс болып отыр.
Семей қаласының 46 жастағы тұрғыны Дмитрий Веселов басынан өткерген ядролық сынақтар кезеңін ұмытқан жоқ. «Таңертең болатын жарылыстардан ескі үйде тығылып отыратынбыз», — дейді ол.
Дмитрий Веселов, қала тұрғыны:
-Бәрі есімде. Таңертең жарылыстан ыдыс-аяқтар салдырлайтын. Семей полигонында 20-дан 150 килотоннаға дейінгі жерасты жарылыстар болатын.
Дмитрий, сол кездегі мыңдаған балалар сияқты, патологиямен дүниеге келген. Ер адамның сүйек буыны дұрыс бітпеген. Қос бұғанасы да жоқ. Алайда ауруына қарамастан ол жеке тасымалдаумен айналысады. Өйткені мүмкіндігі шектеулі жанды жұмысқа ешкім алмайды.
Дмитрий Веселов, қала тұрғыны:
-Мен толыққанды өмір сүре алмаймын. Өйткені әр 3-3,5 сағат сайын мойын бұлшық еттерімді босаңсытуым керек. Былайша айтқанда, демалып жатамын. Сондықтан да мені жұмысқа алғылары келмейді.
Ядролық сынақтардан зардап шеккен адамдардың мәселелерін «Полигон 21» комитеті көтеріп жүр. Оның мүшелері үкіметтен ерекше экологиялық аймаққа ерекше көңіл бөлінсе екен дейді.
Майра Әбенова, «Полигон 21 комитеті» Қб атқарушы директоры:
-Олардың мәселесі әлі де өзекті. Қазіргі күнге дейін бұл аймақтың тұрғындарына 118 мемлекет көмек қолын созуға ниет білдірді. Оны неге пайдаланбаймыз? 30 жылдың ішінде заңның да берекесі кетті. Сондықтан жаңа заңның қабылдануын сұраймыз.
Қоғам белсенділері ұсыныс–тілектерін экология және халықты әлеуметтік қорғау министрлеріне айтты. Олар болса бұл сұрақтар назардан тыс қалмайды деп уәде берді. Ресми мәлімет бойынша, ядролық сынақтардан 1,5 миллионнан астам адам зардап шеккен.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Әсем Өтешова, Медет Өмірханов