2022 жыл Алматы халықаралық әуежайы үшін рекордты жыл болады
Алматы әуежайы аймақтық жүк хабы ретінде Евроодақ пен Оңтүстік-Шығыс Азия арасындағы мультимодульдік транзиттік тасымал жобасын сәтті жүзеге асырды.
Түркияның TAV Airports Holding компаниясы мұндай табысқа кәсіби басқару мен білікті қызметкерлердің арқасында қол жеткізіп отыр. Кадр мәселесіне мұнда ерекше көңіл бөлінеді. Себебі әуежай жұмысының сапасы атап айтсақ, жолаушылар мен техникаға қызмет көрсету, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мамандарды дұрыс таңдау мен олардың кәсіби іс-әрекетіне байланысты.
Альп Эр Тунга Эрсой, Алматы халықаралық әуежайының президенті:
-Бізде бір отбасынан шыққан әртүрлі буын өкілдері қызмет етеді. Осындай 25-тен астам отбасы бар. Біз жастарды Алматы әуежайына жұмысқа шақырамыз. Оларға инвестиция саламыз. Білімдерін жетілдіруге мүмкіндік беріп, авиациядағы мансабын құруға жағдай жасаймыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен бүкіл Алматы әуежайы атынан баршаңызды Қазақстан тәуелсіздігінің 31 жылдығымен құттықтаймын. Әрбір қазақстандық тәуелсіздікті басты мереке ретінде бағалауы тиіс. Ол күштің, байлық пен бостандықтың символы.
Қазір компанияда 2,5 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Оның 20% жастар. Олар көбіне авиациялық қауіпсіздік, жолаушыларға жерде қызмет көрсету, перронда тасымалдау агенттері секілді мамандықтарды игереді. Бұл жұмыстың барлығы жауапкершілікті талап етеді. Жас қызметкерлерге ерекше көңіл бөлетін әуежай Азаматтық авиация академиясымен тығыз байланыс орнатқан.
Камилия Мырзаханова, 3 курс студенті:
-Алматы әуежайының базасында яғни біз өзіміздің өндірістік практикамызды өтеміз және де айтқым келгені әуежай бізге тек қана оқуда ғана емес ол бізге шығармашылық тұрғыда да көмектесіп жатады.
Groupe ADP құрамына кіретін TAV Airports Holding әлемнің 26 әуежайын басқарады. Алматы әуе айлағының өткізу мүмкіндігін 14 миллион жолаушыға дейін жеткізу үшін түркиялық компания жаңа терминалдың құрылысын бастады.
Авторлары: Алан Нарынбек, Кенже Амраев