«Синтетика» өндіруге арналған 72 тонна прекурсор тәркіленді
Ішкі Істер министрлігінің жедел уәкілдері «синтетика» өндіруге арналған 72 тонна прекурсорды елге жеткізумен айналысатын трансұлттық қылмыстық топты ұстады. Арнайы операция бойынша қылмыстық топқа тиесілі жүк көлігі барлық бағытта бақыланған. 21 наурыз күні Алматы қаласында көршілес елдердің екі азаматы және бір қазақстандық ұсталды. Олардан әртүрлі салмақта мефедрон, шетелдік полиция қызметкерінің жалған куәлігі, зип-пакеттер, электрондық таразылар, Калашников автоматының 7,62 мм калибрлі патрондары тәркіленді.
Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары:
- Өткен жылдың қазан айында арнайы операцияның бастапқы кезеңінде, сондай-ақ ағымдағы жылдың наурыз айында прекурсорлардың контрабандасына қатысқан үш шетелдік азамат елден тыс жерлерде ұсталды. Операцияның соңғы кезеңінде 8 тонна синтетикалық есірткі өндіруге жол берілмеді. Бұл 8 млн бір реттік доза. Тергеу жұмыстары жүргізілуде.