Хабар телеарнасы

Түркістан облысында орамжапырақ пісті

Келес ауданының Ұшқын ауылдық округінде орналасқан өндірістік кооперативтің өнімі сатуға дайын тұр. Биыл өңірде 7 мың 540 гектар жерге қырыққабат егілген. Одан 187 мың тонна өнім алу жоспарланған. Шаруалар қырыққабаттың алғашқы өнімін осы аптадан бастап сауда сөрелеріне шығара бастайды. Мәлік Құрмашев биыл 4 гектар алқапқа қырыққабаттың ерте пісетін сортын еккен. Ақпан айының басында отырғызылған орамжапырақтың көшеті тез тамыр жайып, 2 айға жуық уақытта пісіп, жетілген. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 700 адамның жер үлес пайы біріктірілген 400 гектар жерді тиімді игеріп отыр.

Мәлік Құрмашев, шаруа: 
-Бұл — Монако сорты. Голланский сорт. Қазір баға ойнап тұр. 250-270 деп тұр. Өткенде 300 деп жатқан. Көреміз енді, пісе берсін. Бұйырғанына сатамыз ғой. Клиенттер келіп жатыр, сұрап жатыр. Негізгі экспортқа кетеді ғой. Ішкі нарыққа да жібереміз. Бұл жерде 40 мың түп егілген. 1 келіден болғанда, 40 тонна өнім, 1,5 келі болса, 60 тонна болады.