Бұқтырма өзенінде су деңгейі көтерілді
Шығыс Қазақстанда да тасқын қауіпі сейілген жоқ. Бұқтырма өзенінде су деңгейі көтеріліп, Алтай ауданы Зубовск кентінде 24 үйдің ауласына су кірді. Қазір жергілікті атқарушы орган өкілдері мен құтқарушылар бірігіп, ауыл ішін судан тазартып, көмек көрсетіп жатыр.
Жұмысқа 23 техника, 70-ке тарта маман жұмылдырылды. Аудан орталығынан 5 шақырым жердегі бұл ауылда 1400, ал ауласын су басқан үйлерде 61 адам тұрады. Тұрғындар уақытша паналау орталығына барудан бас тартты. Дегенмен сақтық мақсатында түскі ауысымдағы оқушылар қашықтан оқуға көшірілді.
Соңғы уақытта облыстағы таулы аймақтарға әуеден барлау жиі жасалады. Еріген қар суына жаңбыр қосылып, қауіпті күшейтіп жатыр.
Мәселен, Қатонқарағай ауданындағы Коробиха өзені де ернеуінен асты. Абырой болғанда мұндағы аулаларға да, үйлерге де су кірмеген.
Елжан Қайырқанов, ШҚО әкімінің баспасөз хатшысы:
- Коробиха өзеніне су деңгейі көтерілді. Көтерілген уақытта таулы жер ғой, көтерілген су көшемен ағып өткен, аулаға да үйлерге де қауіп төнбеді. Қазіргі уақытта су деңгейі түскен. Күні бойы бізде 2-3 күн бойы қатты жауын жауды, сол жауынның кесірінен су деңгейі көтеріліп отыр.