Елімізде есірткімен күрес күшейеді
Қазақстанда 18 мыңнан астам адам нашақор ретінде есепте тұр. Құзырлы органдар есірткіге еліткендердің қатары күн санап көбейіп барады деп дабыл қағуда. Себебі есірткінің тез тәуелді ететін түр-түрі шығып жатыр. Енді олармен күрес күшейтіледі.
Мәжіліс депутаттары есірткі, психотроптық заттардың және олардың қоспасының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Заман дамыған сайын есірткі заттары да түрленіп жатыр. Бұрын оны арнайы егіп, біраз уақыт дайындайтын болса, қазір химиялық препараттардан синтетикалық есірткі атты өте улы еліткіш әзірленетін болған.
Ең өкініштісі, ол жастар арасында белең алып барады. Сарапшылардың сөзінше, оны бір рет қолданған адам есірткіге тәуелді кәнігі нашақорға айналады. Ал ол күніне сондай мыңдаған доза әзірлейтін жүздеген жасырын зертханалардан шығып жатыр.
Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Егер 2019 жылы – 3, 2020 жылы 8 заңсыз есірткі зертханасы табылып жойылса, 2023 жылы 81 жасырын лоборотория анықталып, жойылды. Прекурсорларға келсек, егер 2019-да 10 келі, 2020-да 50 келі прекурсор тәркіленсе, 2023 жылы 1 тоннадан астам прекурсор алынды.
Ал биылғы статистика тіпті жаға ұстатады. Жыл басынан бері 31 жасырын есірткі зертханасы табылып, 10 тоннадан астам синтетикалық есірткі шикізаты және 1 тонна дайын өнім тәркіленген. Ал бұл шамамен 3 млн доза. «Бірақ осы прекурсор деп аталатын шикізатты өндірушілерге жауапкершілік жоқ», - дейді депутат Самат Нұртаза.
Самат Нұртаза, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Прекурсорларға сондай-ақ мыналар жатады: ацетон, күкірт қышқылы, тұз қышқылы, этил спирті және тағы басқа. Бұл заттардың барлығы өнеркәсіпте, құрылыста және басқа салаларда ашық сатылып жатыр. Мысалы, Қазақстан аумағында өз қажеттіліктері үшін прекурсорлар шығаратын химиялық кешен кәсіпорындары да бар.
Ал құзырлы орган өкілдері ондай заттарды сатумен айналысатындардың әрекетті басқа заңмен реттелетінін айтады. Есірткі бизнесі әлеуметтік желілер арқылы да қарқын алып барады. Түрлі жасырын жазбалар мен кодтық сөздер арқылы жастардың арасына еніп кеткен. Тағы бір сұмдық мысалды депутат Жұлдыз Сүлейменова келтірді.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Күні кеше әлеуметтік желіде айтылып жатыр, Астана қаласындағы оқушылар сарайының есігінің ішкі жақтауына осындай бір QR код ілінген. Оны ашып қараса, осындай таратудың адрестері көрсетілген.
Нашақорлар арасында кең таралған еліткіш заттардың тағы бірі – құрамында есірткісі бар дәрі-дәрмектер. Ондай препараттарды дәрігердің нұсқауынсыз сатқан фармацевтер енді қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал бұған дейін ол тек әкімшілік жазамен шектелген. Бірақ айыппұл салумен қылмыстың бұл түрі тыйылмады.
Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бір мысал келтірейін. 2022 жылы бүкіл республикаға танымал «король трамадола» деген азамат болды. Бұл азамат күшті әсер ететін заттардың партиясымен бірнеше рет ұсталып, ешқандай жауаптылыққа тартылған жоқ. Жауаптылық дегенде айыппұл төлеп, сөйтіп құтылып кетті.
Заңдағы өзгерістерге сәйкес, енді есірткі өндірумен айналысқандар өмір бойына бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
Айта кетейік, қазір елде есірткі тұтыну көбейіп кеткен. Көлік тізгініне наркотикалық заттарды қолданып отыруды былай қойып, тіпті ұшқыштардың өзі жұмыста есірткіге масайып алғаны анықталып жатыр. Сондайлардың бірі өткен аптада Алматы әуежайында ұсталды. Қазір 31 жастағы жігітке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Дамир Берікұлы, Аманжол Байғазин