Хабар телеарнасы

Петропавлдағы ботаникалық бақта наурыз айының ортасында інжір гүлдеді

Соңғы жылдары әлем климаты өзгеріп жатыр. Бұл процесс біздің елімізде де байқала бастады. Мәселен, қысы қытымыр болып келетін Солтүстік Қазақстанда бұрынғыдай қырық градустық аяз жоқ. Бұлай жалғаса берсе, болашақта аграрлық салада өнім күрт төмендеп, экологиялық проблемалы аймақтар саны артуы мүмкін.

Субтропикалық ағаштың дәні мұнда осыдан 40 жыл бұрын әкелінген екен. Қызығы сол ол ақпан айында бүршік жара бастаған.

Артур Рязапов, ботаникалық бақтың директоры:
-Биыл баққа көктем ерте келді. Өйткені қыстағы температура жылы, әрі бір қалыпты болды. Нәтижесінде кейбір өсімдіктер ақпан айында оянды. Жалпы бұл процесс бұрындары сәуірде басталатын еді.

Ауа-райының тылсым мінезі ауыл шаруашылығының дамуына да кері әсерін тигізеді. Болашақта өңірді қуаңшылық жайлап, өзен-көлдер тартылу ғажап емес.

Наталия Левина, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК СҚОФ директорының орынбасары:
-Біздің облыс Еуразия құрлығының ортасында орналасқандықтан, ауаның жылыну процессі жылдам жүріп жатыр. Мысалы, соңғы он жылда орташа жылдық температура -0,3 градусқа жетті. Ертеңгі күні жерден шұрай, топырақтан құнар кетуі мүмкін. Сол себепті келешекте егістіктікті де ерте бастау керек болады.

Жылыну — жаhандық проблема. Оны ғалымдар растады. Пайымдауларынша, ауа-райы күрт құбылмалыдан, континентальдікке ауысқан. Соның салдарынан аймаққа аққу, тырна сынды құстар ерте ұшып келді.

Андрей Солодовник, астрономия ғылымдарының кандидаты, доцент:
-Еуропа аумағында орман сиреп барады. Бұрын олар ылғалды буландыратын. Нәтижесінде Атлант мұхитынан жылы толқын келетін. Қазір бұл құбылыс Каспий теңізі арқылы жүріп жатыр. 

Солтүстікте күн наурыз айының басынан жылынды. Есілдің ерте тасуы да содан.

Климаттың өзгергенін су тасқынына қарап айқын аңғаруға болады. Бұрындары Петропавл қаласында мамыр айының ортасында Есіл өзені көтерілетін. Ал бұл процесс соңғы жылдары ерте басталады. Қазірдің өзінде өңірде 15 градус жылы. Осының салдарынан «Сергеев су» қоймасы бүгінде 80% толған. 

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Қуаныш Қазбеков