Хабар телеарнасы

Аutism Talks: Астанада ерекше баласы бар отбасыларға арналған алаң тағы да өткізілді

Аutism Talks: Астанада ерекше баласы бар отбасыларға арналған алаң тағы да өткізілді

Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күні «Болашақ» корпоративтік қоры Астана қаласында «Autism Talks: ерекше балаcы бар  отбасылардың жігер берер оқиғалары» атты ерекше балалы ата-аналардың мотивациялық кездесуін қатарынан екінші жыл өткізді. Іс-шараға аутизм бар және дамуында басқа да ерекшеліктері бар балалардың 200-ден астам ата-анасы қатысты.

Кездесуде сөз сөйлегендер: «Autism. Қол жетімді орта» қайырымдылық қорының және «Қамқор Әке» аутизм бар балалардың әкелер қоғамдастығының басшылары, Ақтөбелік ерлі-зайыпты Руслан мен Сара Қазыбаевтар, «Ерекше бақыт» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы, заң ғылымдарының магистрі Светлана Ордабай, балалар психиатры Татьяна Дегтярь, мінез-құлық талдаушысы, «Болашақ» қорының супервизоры Айнұр Нұрова және басқалары. Мамандармен білім бері сессиясын Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан жүргізді

«Осындай форматтағы іс-шараны біз алғаш рет өткен жылы өткіздік және ол ерекше балалардың ата-аналары арасында үлкен қызығушылық тудырды. Сондықтан біз шараны дәстүрлі түрде өткізуді жөн көрдік. Біз ата-аналар қолдау іздеп келе алатын, аутизм бар балаларды тәрбиелеп отырған басқа ата-аналардың әңгімелерін біле алатын кеңістік құрудың қаншалықты маңызды екенін түсіндік. Сондай-ақ іс-шарада ата-аналар аутизм бойынша үздік отандық сарапшылардың пікірін тыңдап, қандай әдістемелер шынымен жұмыс істейтінін, ал қайсысы жұмыс істемейтінін түсіне алады. «Autism Talks»-қа қатысу ерекше балалардың ата-аналарына көп уақытты, тіпті ақшаны үнемдеуге көмектеседі. Тыңдаушылар баланың диагнозын мүмкіндігінше тез қабылдаудың қаншалықты маңызды екенін, ерекше балалармен жұмыс істеуде қандай әдістер шынымен тиімді екенін, бірінші кезекте не істеу маңызды екенін үйренеді және ең бастысы олар бұл білімді өз тәжірибесі негізінде үйренген адамдардан естиді.

Ата-ананы қолдау мәселесінде, менің ойымша, ең маңыздысы – психологиялық қолдау. Біз үкіметке халықтың психикалық денсаулығын қолдау бағдарламаларын белсенді түрде жүзеге асыруды ұсынамыз», – деді «Болашақ» қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан.

Іс-шараның маңызды тақырыптарының бірі адвокация болды. «Ерекше бақыт» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы, заң ғылымдарының магистрі Светлана Ордабай ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары үшін адвокация қағидаттарын білудің маңыздылығына түсініктеме берді:

«Өкінішке орай, ата-аналар өз өмірлері мен балаларының өмірін жақсы жаққа өзгерте алатынын көбінесе түсіне бермейді. Сұрақтар көтеру, шешімдерді ұсыну әр ата-ананың қолынан келеді және заңгерлік білім алудың қажеті жоқ. Адвокация қиын емес екенін түсіну маңызды. Ең бастысы ниетіңіз күшті болуы керек. Егер біз, ерекше балалардың ата-аналары, қоғамдағы өзгерістерге бастамашылық жасамасақ, мемлекетке өз тілегімізді, өтінішімізді айтпасақ, ешқандай өзгеріс болмайды. Адвокациядағы ең маңызды нәрсе – нақты нені өзгерткіңіз келетіні үшін нақты мақсаттар мен міндеттер қою. Екіншіден, сіздің мәселеңізді шешу жолдары болуы керек және оларды ұсыну қажет. Үшіншіден, сіздің мәселеңізді қай мемлекеттік орган шеше алатынын нақты түсіну маңызды. Адвокация әртүрлі деңгейде: жергілікті атқарушы органдар деңгейінде де, үкімет пен тиісті министрліктер деңгейінде де жүргізілуі мүмкін».