Хабар телеарнасы

Кәсіпкерлердің құқығы қорғалды

Орта және кіші кәсіпкерлердің құқығын шектеген 47 лауазымды қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Атамекен кәсіпкерлер палатасы 3 ай көлемінде 7 мың кәсіпкермен кездесіп, олардың сауалдары бойынша зерттеу жүргізген. Көтерілген мәселелердің 86 проценті оң шешімін тапқан. Одан бөлек «Бизнеске жол» жобасы аясында 600-ге жуық өтініш түсіпті. Басым көпшілігі салық, жерді ресімдеу, бақылаушы органдардан рұқсат алу, коммуникацияларды қосуға қатысты.

Сарапшылардың айтуынша, кәсіпкерлік кодекс жиі өзгергендіктен, біздегі бизнес өкілдері жаңа заңдарды түсініп үлгермей жатыр. Мәселен, салық кодексі 6 жыл ішінде 50 рет толықтырылған. Жоба бойынша көмек қажет ететіндер 1424 call-орталығына хабарласа алады.

Саян Ахметжанов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы:

- Қазіргі таңда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлерін шақырту 3 есеге қысқарды. Өткен жылдың маусым айынан бастап бизнесте жүргізілген 5,5 мыңнан астам тексерудің, 996-сының қорытындысы қаралды. Тергеуге зиян келтірместен 900-ге жуық кәсіпкердың құқығы қорғалды.