Хабар телеарнасы

Абай облысының Бородулиха ауданында қазақ мектептері жетіспейді

Абай облысының Бородулиха ауданында мемлекеттік тілде білім беретін мектеп тапшы. Өңірдегі 32 білім ордасының тек үшеуі қазақ тілінде оқытады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл жеткіліксіз.

Үш баланың анасы Аягөз Қуаттың тұңғышы Новопокровка ауылындағы қазақ мектебінде оқиды. Білім ордасы 1993 жылы салынған. Балабақша ғимаратында орналасқандықтан, оқушыларға қолайсыз екенін жасырмады.

Аягөз Қуат,  ауыл тұрғыны:

-Өздеріңіз көріп тұрғандай, дәліз өте тар. Қоңырау кезінде балалар бір-біріне соқтығысып жатады. Сондықтан жаңа мектеп салынса деп ойлаймыз. Әсіресе балаларға жақсы болар еді.

Бородулиха ауданындағы мектептерде 611 бала автобуспен тасымалданады. Оның ішінде 82 оқушы аудан орталындағы Әлихан Бөкейхан атындағы қазақ мектебіне Дмитриевка, Ивановка, Михайличенково, Знаменка елді мекендерінен қатынап оқиды. Бұл мәселе әсіресе ата-аналарды алаңдатып отыр.

Ахметқали Нұрғожин, Бородулиха ауданының әкімі:

-Биыл Ивановка ауылындағы мектепте де қазақ сыныптарын ашуды жоспарлап отырмыз. 1 мен 4 сыныптар арасында міндетті түрде ашылады. Одан кейін 5 пен 11 сыныптар арасында ашуға жұмыс істейміз.

Балабақша ғимаратында білім алып жатқан Новопокровканың оқушыларына мектеп салына ма? Бұл сауалды облыстық Білім басқармасы өкілдеріне қойдық. Алайда құзырлы мекеме жаңа мектеп салуға негіз жоқ екенін жеткізді. 

Әсем Нүскенова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Мектепті апатты деп тану үшін негіздеме болу керек. Құжат болғаны дұрыс. Бұл мектеп ондай санатқа жатпайды. Сондықтан биыл ағымдағы жөндеуге қаржы қарастырамыз.

Бүгінде Абай облысындағы мектептерде 8600 балаға орын жетіспейді. Осыған орай өңірде 2027 жылға дейін «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 11, аймақтың кешенді даму бағдарламасымен 6 шағын жинақты мектеп салу жоспарланып отыр.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов