Хабар телеарнасы

Түркістан облысында бал аралары қырылып қалды

Еліміздің оңтүстігінде зиянкестерге қарсы күрес батысқа қарағанда сәл ертерек қолға алынды. Басталмай жатып, үлкен дау тудырып отыр. Себебі бал арасы қырылып қалған. Омарташылар: «Бұған улау жұмыстарының жүргізілуі себеп», – дейді. Ал дәрі шашуға тапсырыс бергендер өздеріне тағылған айыппен мүлде келіспейді.

Мына шаруашылықтың бал аралары бір күннің ішінде қырылып, омарталарының көбі босап қалған. Игорь Бовкун қазірдің өзінде 4-5 млн теңге шығынға батқанын айтып отыр.

Евгения Катигробова, омарташы:

-Міне, аралар қырылып жатыр. Тірі қалғандарының өзі әлсіз. Аман қалған аралар да уланып, енді ауруға ұшырайтыны сөзсіз. 2018 жылы да осылай ескертпей улаған еді.

Шардара ауданында 30-ға жуық омарташы зардап шеккен. Шығын көлемі – 100 млн теңге. Өйткені биылғы аламыз деп жоспарлаған өнімнен де айырылды. Жаңа ара ұяшықтарын сатып алуға қыруар қаржы керек. Ал дәрі себуге тапсырыс берген мекеме: «Аралардың қырылып қалуына еш қатысымыз жоқ», – деп отыр. Олар: «Залалсыздандыру жұмыстары жүргізілетіні туралы әлеуметтік желілер арқылы хабарлама тараттық», – дейді.

Бақтыораз Елемесов, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

-Сол порошокты жерден алса, әрине, ол әсер етеді. Бірақ дезинфекция атқармаған, тіптен алыс саяжайларда аралар өліп жатыр деген хабар келді. Ол аралардың өздерінің арасында да әртүрлі себептен эпидемия жүруі мүмкін. Сол себепті бұны әрі қарай, әрине, зерделеу керек.

Енді қиындыққа тап болған омарташылар бірігіп, шығындарын заңды түрде өндіріп алуға бел буып отыр.

Төрехан Нармұхаммедов, облыстық омарташылар қауымдастығының төрағасы:

-Енді олар құжат, қағаздарын жинап, прокуратураға арыз жазып жатыр. Одан кейін сотқа берейін деп жатыр. Түркістан облысының әкімдігіне, одан кейін сельхоз басқармаға, министрлікке.  

Қазір омарташылар аман қалған араларын жаппай Қызылқұмның қойнауына көшіріп жатыр. Себебі ол жақта жәндіктерге азық аз болса да, басын сақтап қалуға болатынын айтады.

Авторлар: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш