ҰҚК: Серік Күдебаев тау арқылы қашқан
Генерал-майор Серік Күдебаев Қазақстан аумағынан тау арқылы қашып шығуы мүмкін. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов осындай болжам айтты. Бұл ресми мәлімдеме емес. Бұған дейін Серік Күдебаевтың Қырғызстанның Бішкек қаласынан Ыстамбұлға ұшқандығы расталған болатын. Оған халықаралық іздеу жарияланды. Бірақ шекарадан қалай өткендігі әлі күнге белгісіз. Қырғызстан мен еліміз арасындағы Іле Алатауының жалпы ұзындығы 600 шақырымнан асады. Қашқын генерал жақсы жолсерікпен бірге оның кез-келген жерінен өтуі мүмкін. Бас прокуратура және көрші елдің де құзырлы органдары бұған қатысты қылмыстық іс қозғағанымен, оның жай-жапсары айтылмай жатыр.
Ерлан Алдажұманов, ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары, шекара қызметінің директоры:
-Түрлі болжам жасалуда. Серік Күдебаевтың өзі таулы аумақта өскен. Сонда жеке шаруа қожалығы бар. Сол жерде жол көрсетуші адамдары да болған шығар. Біз тау арқылы шекарадан шығып кеткен деген нұсқаны қарастырып отырмыз.