Атырауда 2 тонна балық тәркіленді
Еліміздің батысында браконьерлер тыйымға құлақ асар емес. «Бекіре-2023» акциясы аясында 2 тоннадан астам балық тәркіленді. Оның 400 келісі бағалы бекіре тұқымы. Шараға Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары аумағындағы барлық құқық қорғау органдарының қызметкерлері жұмылдырылған. Акция барысында балықтан бөлек, 368 ау-құралы мен 30 су көлігі және 9 автокөлік тәркіленді.
Әзиз Нұралиев, Жайық-Каспий облысаралық бассейндік инспекциясының бөлім бастығы:
-Үш аптада 337 құқық бұзушылық тіркеліп, 149 тұлғаға 4,3 млн теңге айыппұл салынды. 16 материал бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ Атырау және Орал қалысы тұрғындарынан 28 келі қара уылдырық тәркіленді.