Семей полигонынан зардап шеккендерге үстемақыны екі есе ұлғайту ұсынылды
Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов осындай ұсыныс білдірді. Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған ол еңбекақыға үстемемен жыл сайынғы қосымша ақылы демалыс тек зардап шеккен аймақтарда тұратын азаматтарға ғана берілетінін айтты. Ал өзге өңірге көшіп кеткен адам бұл жәрдемақыдан қағылады. Айтуынша, зейнетақыға үстемақы радиациялық қаупі өте жоғары аймақтарда тұрақты тұратындар мен 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққандарға ғана беріліп келген. Сондай-ақ депутат ядролық сынақ зардабын көргендердің міндетті медициналық сақтандыру жарналарын мемлекет төлеуі қажеттігін айтты.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Полигоннан зардап шеккен азаматтардың барлығы кешенді медициналық тексерулерден өткізілмеген. Оларды есепке алу ісі толық жүргізілмеген. Көпшілігі оңалту орталықтарында емделуге қол жеткізе алмай отыр. Бұл мәселені кешенді түрде шешу керек. Полигоннан зардап шеккен азаматтардың зейнетке шығу жасы ең өзекті мәселенің бірі.