2026 жылға дейін барлық ауылға су тартылады
10 жылдан астам уақыт таза су ішпеген адамды көріп пе едіңіз? Алыстан іздеп қажеті жоқ. Петропавлдан 13 шақырым шықсаңыз, Якорь дейтін ауыл бар. Елді мекен жылдар бойы тіршілік көзін аңсап, армандап келген. Халық жергілікті атқамінерлер тұмсығының астындағыны көрмейді деп ашынатын еді. Қаланың іргесінде тұратын жұрттың мәселесі шешілді ме?
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Якорь елді мекені Петропавл – Түмен тасжолының бойында орналасқан. Облыс орталығынан небәрі 20 шақырымдай жерде тұр. Ауылда шағын және орта бизнес, ауыл шаруашығы құрылымдары бар. Десе де халық осы күнге дейін таза судан таршылық көріп келген болатын. Мәселе биыл шешімін тапты.
Людмила Марисова Якорь ауылына 10 жыл бұрын көшіп келген. Содан бері тіршілік нәрін қаладан тасып ішетін. Қазір бау-бақшамен айналысып, көкөніс егеді. Өйткені ауылдағы ағайынның машақаты артта қалды.
Людмила Марисова, Якорь ауылының тұрғыны:
- Бұрын жеміс-жидекті аздап егетін едік. Себебі су кестемен берілетін. Оның өзі үйдің тірлігіне жетпей қалатын. Ал қазір міне, тоқтаусыз ағып тұр.
Ауылда 700-ден астам түтін бар. Ал тұрғындар саны 2 мыңнан асады. Желілердің тоз-тозы шыққандықтан, құбырда қысым болмаған. Ал бүгінде халық таза суды үйлеріне тартып жатыр.
Назым Мусина, Якорь ауылының тұрғыны:
- Әр үйде санузель бар, кір жуатын машина бар. Бұрын 9-дан 10-ға дейін және 5-тен 10-ға дейін беретін. Ал қазір енді тәулік бойы.
Аталған мәселе 30 жыл дегенде шешімін тапты.
Қуандық Шақұбаев, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:
- Ел қазынасынан 460 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, ауыл ішінде 13 шақырымға жуық су тарату желілері жаңаланды. Мұнымен қоса 156 құдық орнатылды.
Өңірдегі 600-ден астам ауылдың 220-ында әлі сапалы су жоқ. 12 елді мекенге тіршілік нәрі көліпен тасымалданады. Мәселе Тайынша, Айыртау аудандарында өткір тұр.
Павел Шилов, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
- Республикалық бюджеттен 18 млрд теңге бөлініп, 37 жоба жүзеге асуда. Биыл 41 елді мекенде жұмыстар жүргізіледі. Шамамен 250 шақырым құбыр жаңғыртылатын болады. Осылайша жыл соңына дейін 2 мыңнан астам үйге су кіреді деген жоспар бар.
Жауаптылардың айтуынша, 2026 жылға дейін аймақтағы барлық ауылдар таза сумен қамтылатын болады.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков