СҚО-да «Петропавл - Қорған» тас жолының құрылысы қайта жанданды
Солтүстік Қазақстан облысында «Петропавл - Қорған» бағытындағы республикалық маңызы бар тас жолдың құрылысы қайта жанданды. Осыдан бірнеше жыл бұрын материалдардың қымбаттауына байланысты жөндеу жұмыстары тоқтаған еді. Жоба қайта есептеліп, қаржы бөлінді.
Бұл республикалық маңызы бар тас жол. Елімізге Еуропадан келетін қонақтар осы жермен жүреді. Жауапты мамандардың айтуынша, қазір күніне аталған учаскеден әрлі-берлі үш көлік қатынайды.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Жүргізушілердің осындай айналма жолмен қатынап жүргендеріне 6 жылдан астам уақыт болған. Өйткені 2017 жылдан жоба тоқтап қалды. Сәтін салып, жұмыстар биыл қайта жанданды.
Облыс орталығынан Ресей шекарасына дейінгі аралық 60 шақырымнан асады. Оның 16 шақырымы аяқсыз қалған еді. Жақында жолды жөндеу жұмыстары қайта қарқын алды.
Зелимхан Махаури, мердігер:
- Әзірге жол құрылысына 70-ке жуық адам мен 42 техника жұмылдырылған. Алдағы уақытта олардың санын арттырамыз. Жоба екі жылға жоспарланып отыр. Дегенмен Үкімет басшысының тапсырмасына орай жыл соңына дейін біз жолды ішінара ашуымыз керек.
Жоба құны-10 млрд теңге. Бұл қаржы екі елді байланыстыратын тас жолды халықаралық талаптарға сай етіп жөндеуге жеткілікті.
Қуаныш Ескендіров, «Қазавтожол» ҰҚ АҚ СҚОФ директоры:
- 2020 жылы материалдар бағасының күрт өсуіне байланысты бұрынғы мердігер барлық жұмысты тоқтатқан болатын. Кейін жобаны қайта есептеу үшін сотқа арыз берді. Алайда көрсетілген міндеттерді орындамаған соң біз олармен келісімшартты бұздық. Осылайша конкурсты қайта жариялауға тура келді.
Жалпы Солтүстік Қазақстан облысы автомобиль жолдарының ұзындығы бойынша елімізде үшінші орында. Тек аймақта республикалық трасса ұзындығы 1970 шақырым. Ал оның 19% сапасы көңіл көншітпейді.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков