СҚО-да полиция қызметкері суға батып бара жатқан адамды құтқарды
Өзінің өмірін қатерге тігіп, өзгені құтқарған полицей. Солтүстік Қазақстандық тәртіп сақшысы Тимур Қалиев суға батып бара жатқан ер адамды ажалдан арашалап қалды. Оқиға Аққайың ауданының орталығы Смирнов ауылы маңындағы су қоймаларының бірінде болған. Демалуға келген 45 жастағы азаматтың кенеттен сіңірі тартып қалады. Құлаштауға қауғары қалмаған соң, ол айналасындағылардан көмек сұрауға мәжбүр болған. Сол кезде осы маңда болған Тимур еш ойланбастан суға секірген. Артынша оны жағаға шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Осылайша полицей өмірінде екінші адамды судан құтқарып қалды.
Тимур Қалиев, Аққайың аудандық ПБ учаскелік инспектордың көмекшісі:
- 20 метрдей жерге жүзіп бардым. Алайда азаматты таппадым. Осылайша бірнеше рет тереңге сүңгіп, қолынан ұстадым. Ал жағаға жеткенде осы жердегі жігіттер көмек көрсетті. Жүрегіне массаж жасаған соң, есін жиды. Негізінен мен судан қорықпаймын. 11 сыныпта оқып жүрген кезімде де адам құтқарғанмын.