Құрбан айт. Сауда мен сауап
Аптада үш күн Құрбан айтты атап өттік. Жан жылытар жақсы тілектер көп айтылды. Қажылық сапармен Мекке мен Мединаға барған үш жүздей мұсылман бауырларымыздың Саудия полицайларының қарауында пақырлық жағдайға ұшырауы өкіндірді.
Бұл да сол тәртіп деген мәселеге келіп тіреледі. Әркім өз қызметінде толық жауапкершілікті алуы міндет. Құрбан айттағы құрбан шалудан да жоғары тұрған азаматтық парызымыз осы.
Сәрсенбінің сәті, Астанадағы мал базардың бірі. Сұраныс көп, ұсыныс та аз емес. Ендеше қой бағасы қанша болып жатыр, білейікші мына жігіттерден...
-Ассалаумағалейкум?
-Бір-екі сұрақ бар жігіттер, қай жақтан боласыздар, қайдан келдеңіздер?
-Сарыағаштан боламыз, Сарыағаштың қойлары.
-Сауда қалай болып жатыр?
-Жақсы, Аллаға шүкір...
-Баға қалай болып жатыр?
-Баға, енді, биыл кішкене қымбаттаған, орта баға 60-65 мың. Еттің бағасы қымбат, шөптің бағасы қымбат.
-Қай жақтан келдің?
-Абай ауылынан.
-Қанша қой алып келдіңдер?
- 100-ге жуық.
-Қаншасын сатып үлгердің?
-70 қалды, 30 сатылды.
-Бағасы қанша?
-Кіші тоқтылар – 45-55 мың. Қойлар – 75 мыңнан басталады. Ал қошқарлар – 95 мыңнан басталып, 300 мыңнан бітеді.
-Міне менің көзіме түсіп тұр, ең ірісі сол ғой деймін, 300 мың. Не себепті қымбат?
-Ол 190 кг бар.
Танадай қошқар саудаға түсті, 250 мың теңгеге сат деп қолқалағандар болды. Бірақ Нариман, еділбай тұқымды қошқарын қимады. Себебі көп жұрттың бірі, сұраған бағамды берер деп күтті. Бірақ иін тіріскен көпшілік, қалтасына қарайды, арзанырақ болса деп ақшасын санайды. Қымбатшылық.
Батыржан Мансұров, ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі:
- Біз аралап көрдік, бізде арнайы жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобымен бірлесіп, қаладағы мал базарларын аралап көрдік. Былай байқағанымызда 45 мыңнан басаталатында бар, 50 мың теңгелік те бар. 60 мың бар, 70 мың бар. Одан әрі 70 мыңның үстіндегі қойлар да бар. Бірақта біреуі ұзақтан әкеліп отыр есептеп, біреуі осы жердегілер болғанан кейін және өздерінің ішкі шаруалары болғаннан кейін ештеңе дей алмаймыз. Біз тек үндеу жасадық.
Әрине сұраныс көп болған соң, бағаның да аспандауы заңдылық. Мәселен Астанада орташа баға – 70-80 мың, Түркістанда – 50-130 мың, Абайда – 60-70 мың, Қостанайда – 90-100 мың теңге болды. Оның сыртында қасапшының сойып беру ақысы 5000 теңгеге дейін жетті.
Асанбек Ахметов, қасапшы:
- Бұзып, кәдімгідей дайындап береміз. Үйтпейміз, үйітетін бөлек болады. Біз ішек-қарнын алып дайындап береміз. Ішек қарын аршылмайды, ішек қарын аршитын әйелдер бар, сол өздері аршиды.
Бірінші күні ішек-қарынды тастап кетіп жатқандар болды, бірі уақыт жоғалтпайын десе, енді бірі тағы да ақы төлеуден қашқан секілді. Осы әрекетті имамдар қолдамады, себебі ислам ысырапты құп көрмейді.
Батыржан Мансұров, ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі:
- Ішек-қарынды алмаймыз деп жатқан кісілер болды. Енді оны неге алмайсың деп біз міндеттей алмаймыз ғой. Сондықтан ол адамдардың жеке ерік-қалауындағы дүние болды бұл. Сондықтан біз айтар едік, сол жерде арнайы ішек-қарын төгетін орын бар, сол жерде жуып-тазалайтын адамдар бар. Жуып тазалап береді. Сондықтан оны алу керек, үйіне әкеліп бала-шағасымен жесін, ет қой олда. Оның да қадірін түсінуіміз керек.
Иә, ет тұрмақ, бір үзім нанға зәру отбасылар бар. Соларға жуып-шәйіп үлестірсе, мол сауап болар еді дейді имамдар. Десе де бұл күндері жақсылық жасап жарысқандар аз болған жоқ. Тек бірінші күні 60 862 отбасыға ет таратылыпты.
Мақсатбек Қайырғалиев, ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры:
- Азық-түлік еттерімен бірге, құрбандық еттерін таратып жатырмыз. Азық-түлік себеті ол 40 кг азық-түлік, әр отбасыға жарты айға жететіндей күнделікті пайдаланатын сұйық майы бар, күріші, қанты бар сонымен қатар бір тауық салып жібереміз және құрбан айтта осыған қоса 7 келі етті салып беріп отырмыз.
Жеткізіп беру қызметі де қаралған, ақысыз. Осы қайырымды іске шынайы разылығын білдіргендер көп болса, соның бірі көпбалалы ана Назингүл Тәбез.
Назингүл Тәбез, Астана қаласының тұрғыны:
- Осылай шақырып, сыйлап, қасиетті Құрбан айтта «Зекет» қайырымдылық қорына үлкен алғысымынды білдіремін. Енді ең бір тілегіміз арманымыз ерекше баламыз аяқтан тұрып жазылып кетсе екен деп тілеймін. Бәріне денсаулық берсін.
Қасиетті күннің ерекшелігі осыда болса керек, жақсылық жасап, адамдар бір-біріне ізгі тілек жеткізеді. Бірлік пен берекені арттыратын амал. Тек мейрамда емес әр күніміз осылай болса дейсің, себебі кейде бізге Құрбан айттан қалыс күндері біздің қоғамға қамқорлық пен мейірім жетіспейтіндей көрінеді...
Сәкен Сейітханұлы, Азамат Сәметов «7 күн»