Маңғыстау облысында жол құрылысы қашан аяқталады?
Маңғыстау облысында «Мәстек-Қызан» бағытындағы тас жолды қалпына келтіру жұмыстары биыл толық аяқталады. Трассаның жалпы ұзындығы 110 шақырым. Қазір қалып тұрғаны 25 километр. Бұл мәселені тұрғындардың көтеріп жүргеніне біраз уақыт болды. «Жаңбырлы күндері көлік қозғалысы тіптен қиындайды. Ал аптапта ала шаң тұрып, соның салдарынан жол апаты жиі болады», — дейді олар. Ескі трассаны қалпына келтіру жұмыстары 2014 жылы басталып, 4 жылда 28 шақырымы жөнделген. Тағы 36 километрін қалпына келтіру 2018 жылы жалғасын тапты. Соңғы 25 шақырымына тас жолды қайта төсеу 2021 жылдан бері жүргізіліп келеді.
Адайбек Қалиев, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
-9 километр жолына қара щебень төселіп, қазіргі таңда асфальт төсеу жұмыстары жүріп жатыр. 7,5 шақырымына асфальт төселіп тұр. Осы жылға тиісті қаражат республикалық бюджеттен толық қаралды. 1 млрд 426 млн теңге. Биылғы жылы асфальттауы толықтай аяқталып, Қызан ауылына дейін жеткізілетін болады.
Хамзат Сұлтанов ҚР ИИДМ «Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы» РМК филиалының директоры:
-Астыңғы қабатын тексердік. Сол тексерудің нәтижесінде қабаттың тығыздығы төмен деңгейде болды. Жобаға сай келмеді. Кейін біз ол жұмыстарды толығымен тексеріп, өз қорытындымызды бердік. Биыл сол жоспар әрі қарай жалғасуда. Қадағалау жұмыстарын сынамаларды алу арқылы алып, тексеріп жүрміз.