Енді тұрмыстық зорлық-зомбылық ісі полицияға өтініш жазбай-ақ қозғалады
Енді полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты жәбірленушінің арызынсыз-ақ хаттама жасай алады. Оған бейнебақылау камералары немесе куәгер, көршілердің айғағы жеткілікті. Бұл заң 1 шілдеде ғана күшіне енсе де, мамандар екі күннің ішінде 600-ден астам отбасылық жанжал бойынша хабарлама келгенін айтып отыр. Барлығы 346 азаматқа әкімшілік іс қозғалған. 200 арыз расталмаған. 10 адам жалған шақырту үшін жауапкершілікке тартылған. Айта кетейік, заңдағы өзгерістерге сай, агрессор отбасылық зорлық көрсетсе 5 тәулікке, әрекетін қайталаса 10 тәулікке қамауға алынады. Ал ұрып-соғу, денсаулыққа зиян келтіру фактілері үшін 10-нан 25 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған.
Ақмарал Серікбаева, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- Сотта құқық бұзушының жәбірленушімен татуласу мүмкіндігі бар, бірақ соңғы өзгертулер бойынша тек бір рет қана татуласа алады. Яғни отбасылық жанжал жасаушы бірінші рет сотта жәбірленушімен татуласса, бұл әрекеттері келесі қайталанғанда оларды татуластыруға соттың заң бойынша құқығы жоқ.