Ақтөбеде аптап ыстық басылмай тұр
Үндістан нөсерден арыла алмай жатса, біздің елде аптап ыстық. Осыған байланысты төтенше жағдайлар саласындағы барлық құрылым жоғары дайындық режиміне ауыстырылды. Дәрігерлерге де үлкен жүк артылып отыр. Ақтөбе облысындағы жедел жәрдем қызметіне тәулігіне мыңнан астам науқастан қоңырау түседі. Ал төтенше жағдайлар департаментінің сарбаздары өңірдегі өзен-көлдердің жағасын ертеден-кешке дейін тексеруге кіріскен.
«Сынап бағанасы 40 градусқа таяғалы жедел жәрдемнің колл-орталығы диспечерлері тәулігіне мыңнан астам қоңырау қабылдаймыз», — дейді. Маусымдық көкөністен улануды айтпағанда, басынан күн өткен 8 адамға жедел көмек көрсетілген.
Ақжұма Мусина, облыстық Жедел жәрдем станциясының аға дәрігері:
-Жүрек аурулары, инсульттер көбейіп жатыр. Үлкен адамдардың давлениесі көп көтеріліп жатыр. Бұл кездерде жаңағы жүрек аурулары бар адамдар, қан қысымы көтеріліп, қант диабеттері бар адамдар үйде отырғаны абзал.
Қала тұрғындары үшін аптап ыстықта паналайтын жердің бірі — аквасаябақ. Күн қызғалы парк алдындағы ұзын-сонар кезек қалыпты жағдайға айналған. Бүгін жұмыс күні болғанына қарамастан, ашылғаннан-ақ ине шаншар орын жоқ.
Ерлан Имбетов, Aqua-орталығының әкімшісі:
-Аудандар мен көрші облыстардан келетіндер көп. Ашылғанға дейін 200-300 адам есік алдынды иіріліп тұрады. Күн ыстық болғандықтан қолдан келгенше кері қайтармауға тырысамыз. Бірақ біздің орталық тек мың жарым адамға дейін қабылдай алады. Ал кірем деушілер одан да көп.
Өзен-көлдердің жағасында демалушылар саны да күрт өскен. Құтқарушылар ертеден кешке дейін кезекшілікке шығуға мәжбүр. Қазір полицейлер волонтерлермен бірігіп, күнделікті 400-ден астам адам рейдке шығады. Әсіресе рұқсат етілмеген орындарды әрдайым торуылдап жүру қажет. Себебі жыл басынан бері мұндай орындарда 6 адам суға кетіп, қаза болды.
Саид Молдақараев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
-Рейдтің іс-шара барысында 636 адамға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оны нақтайлай кетсек 366 ескерту әкімшілік жауапкершілік, 270-не айыппұлдар салынды.
Синоптиктер Ақтөбеде аптап ыстық әлі 2-3 күн болады деп болжап отыр. Сондықтан созылмалы дертке шалдықттандарға дәрігерлер үйден шықпауға кеңес береді. Ал суға шомылам деушілерге құтқарушылар тек рұқсат етілген жағажайларда демалған жөн деп отыр.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков