Хабар телеарнасы

Онлайн платформалар негізінде жұмыс істейтін таксистер мен курьерлер салық төлейді

Осы айдан бастап елімізде онлайн платформалар негізінде жұмыс істейтін таксистер мен курьерлер салық төлейді. Бұл ерікті шара екенін еске салайық. Яғни әркім қалауына қарай жеке кәсіпкер немесе жалдамалы қызметкер ретінде тіркеліп, табысының белгілі бір бөлігін қазынаға құяды. Мемлекеттік кірістер комитеті, 1% мөлшеріндегі аталған төлемді төлеу ыңғайлы болу үшін «e-Salyq Business» арнайы мобильді қосымшасын ұсынып отыр.

Мамандардың сөзінше, онда салық декларациясын тапсырудың қажеті жоқ. Әрі тиісті салықтардың бәрін қосымшаның өзі есептеп, қолданушының келісімімен оны салық органдарына аударуға мүмкіндік береді. Қазір пилоттық жоба бойынша арнайы интернет-платформалардың операторларымен ақпараттық жүйелерді баптау жұмыстары жүріп жатыр.

Айнұр Сартаева, Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:
- Қазіргі уақытта мысалы, такси қызметін жүзеге асырып отырған азаматтар олар ортада делдалдың қызметін төлейді. Интернет платформаға проценттерін төлегеннен бөлек, тағы да делдалдың қызметін төлейді. Ал егер осы пилоттық жобаға қатысқан болса, онда ол ортадағы осы делдалдардың пайыздарын төлемей, соның арқасында салығын төлеп, әлеуметтік төлемдерді төлеп отырса болады.