Хабар телеарнасы

Елорда кубогының финалистері анықталды. Спорт жаңалықтары

Қазақстан хоккейшілері әлем чемпионатының топтық кезеңінде Швециядан жеңіліп қалды. Есеп 1:3. Біздің құрама сапынан жалғыз шайбаны Әділ Бекетаев соқты. Бүгін Ғалым Мәмбетәлиев шәкірттері Германиямен кездеседі. Бұған дейін Қазақстан Франциядан басым түсіп, Словакия мен Латвияға есе жіберген еді.

Астанада бокстан халықаралық турнир өтіп жатыр.

Бүгін Елорда кубогының финалистері анықталды. Ең жеңіл салмақта Асхат Жүсіпов пен жапон жігіті Казума Аратеке бас жүлдені сарапқа салады. 51 келіде Сәкен Бибосынов финалға шықты. Ол Дамир Әбдіқадыровпен жұдырықтасады. Ұлттық құрама мүшелері Махмұд Сабырхан мен Асланбек Шымбергенов те финалға өтті. 57 келіде Оразбек Асылқұлов әлем чемпионы Миразбек Мирзахалиловтан басым түсті. Екінші раундта өзбек боксшысының қабағы жарылып кетті. Елорда кубогының финалдық жекпе-жектері жексенбі күні өтеді.

Дзюдошылар әлем чемпионаты қарсаңындағы соңғы дайындықтарын Астанада пысықтады.

Қазақстан атынан әлемдік жарысқа 18 балуан қатысады. Ұлттық құраманың жаттықтырушылар штабы бір қола медалдан үмітті. Әбу-Даби қаласында өтетін біріншілікте 60 келіде Елдос Сметов пен Нұрқанат Серікбаев сынға түседі. Екі мықтының қай жеңгені Париж олимпиадасына жолдама алады. Әйелдер арасындағы 48 келі салмақта да екі спортшы бар. Ғалия Тынбаева мен Абиба Абужақынова әлем чемпионатында белдеседі. Үздік нәтиже көрсеткені Парижге баруы мүмкін. Дүниежүзілік сайыс 19-23 мамыр аралығында өтеді.

Астанада «Ұлы дала жорығы» ат марафон-бәйгесі туралы деректі фильмнің тұсаукесер рәсімі өтті.

Туындыда былтырғы ат жарысы баяндалады. Марафонға қатысушылар елордадан Түркістанға дейін 1300 шақырымды жүріп өткен еді. Оған еліміздің 19 өңірінен командалар қатысып, бас бәйгеге таласты. Екінші марафонда қашықтықты 93 сағат 47 минут 43 секундта бағындырған Жетісу облысының командасы топ жарды.

Биыл «Ұлы дала жорығы» үшінші мәрте ұйымдастырылады. Алдағы жексенбіде Павлодар-Астана бағытындағы алғашқы аламан басталады. Марафон-бәйге күзде Астанада өтетін дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына енген. Халықаралық деңгейге көтерілген сайыста отандық шабандоздар топ жаруды көздейді.