Биыл елордада 1 млн 100 мың көк желек отырғызылады
Елімізді көгалдандыру – бірреттік науқан емес. Жуырда елорда жасыл шаһарға айналуы бек мүмкін. Себебі биыл 1 миллион 100 мың көк желек отырғызылады. Қала аумағында 35 мың, ал жасыл белдеуде 200 мың түп көшет егіледі. Әкімдік бастамаларынан бөлек, қоғам белсенділері жеңін түріп, ағаш отырғызуға кіріскен.
Қаладағы қым-қуыт тірлікте табиғатты аңсайсың. Көктем келіп, көк шыққанда, бұл сезім еселене түседі. Осындайда тамаша сәулет емес, жайқалған көк желек көңіл қуантады.
Адам көркі шүберек болса, дәл солай дала көркі - көк желек. Бүгін Астанамыз ажарлана түспек. Себебі менімен қосқанда 60-тан астам ерікті осындай көшет отырғызуға көшкен.
Астананың ауа райына шыдайтын ағаш кемде кем. Сондықтан бүгін қайың мен қара ағаштың 100 шақты көшеті отырғызылды. Қуантарлығы еріктілер қатарында жасөспірімдер көп. Соның бірі – Нұрхамит Жақұпов. Небәрі 15 жастағы жігіт 2 жылда 100-ден астам ағаш ектім дейді.
Нұрхамит Жақұпов, Бүкілқазақстандық экологиялық қозғалыстың өкілі:
-Жыл сайын шамамен 50-60 шақты ағаш отырғызамын. Әрі бұл санды көбейтуге ниеттімін. Бұйырса, 1 мыңнан астам ағаш отырғызамын деген мақсатым бар.
Ал науқанның тартымдылығын арттыра түсу үшін әр қатысушыға аты-жөні жазылған тақтайша ұсынылды.
Самира Иманғалиева, Бүкілқазақстандық экологиялық қозғалыстың өкілі:
-Бұл ағашты кім отырғызып жатыр, не себепті осыны отырғызып жатыр артына жазып қоюға болады және серуендеп жүргенде өз ағашын көріп, қуанып, күшті эмоциялар алады.
Тұрақты даму орталығы өз алдына үлкен мақсат қойған. Астанада жылына 1 миллион ағаш егуге білек сыбана кіріскен. Алғашқы таңдау жаңа ауданға түсіпті.
Аслан Қандығұлов, қалалық тұрақтылық орталығының директоры:
-Қалада үлкен талдардың тапшылығы көп деп санаймын. Себебі қалалық ортада кішкентай-кішкентай талдарды өсіру қиынға соғады. Көгалдандыру жарғысы енгізіліп жатыр ғой. Сол талаптар бойынша біз қалада үлкен-үлкен талдарды отырғызудамыз.
Құрылғанына 1 жыл болған Нұра ауданында да көк желек көбейген. Көгалдандыру жұмыстары бұл жақта қауырт. 3 мыңға жуық ағаш егілді. Бірақ бұл бастамасы ғана. Көркейту шараларына қосымша 1,1 млрд теңге қаржы бөлінді. Конкурстық рәсімдер аяқталған соң, Нұра ауданы гүлдей түспек.
Әлия Әбсеметова, Нұра ауданы әкімінің орынбасары:
-Ризамын, себебі көп кәсіпкерлеріміз, көп меценаттарымыз, тұрғындарымыз өз үлесін қосып жатыр. Өздері келіп, көмектесіп, сол ағаштарды сатып алып, сондай аллеялар жасайық деп, сондай ағаш егейік деп.
Есіл ауданы да көркейіп келеді. Бір ғана ботаникалық бақта биыл да көшет отырғызылған. Ауданы шамамен 90 гектар болатын бұл жасыл аймақта сирек кездесетін, әрі жойылу қаупі бар өсімдіктер жайқалып өсіп тұр. Енді өсімдіктерге ғана емес, келушілер үшін де барынша ыңғайлы жағдай жасалмақ.
Бақытжан Серікұлы, Есіл ауданы әкімінің орынбасары:
-Ботаникалық бақта жөндеу, жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Толығымен жарық жаңартылады. Бұл жұмыстардың барлығын шілде айының басында бітіруді жоспарлап отырмыз.
Ал Нұржол бульварына алдымен қызғалдақтың екі түрі егілді. Енді шырайгүлдер отырғызылады. Бұл сырт көзге оңай көрінгенмен, машақаты көп жұмыс. Жылыжайда 3-4 ай үлкен күтіммен өсіріледі. Содан кейін барып белгіленген аумаққа егіледі. Өкінішітісі, көпшілігі 1 маусымға ғана шыдайды. Әдеміліктің ғұмыры қысқа болғанымен, әсері көпке жетеді.
Күн ыстық болған кезде гүлдерді күнде суарамыз. Бала сияқты да қарап отыру керек, ылғалы көп болып кетпеу керек, аз боп кетпеу керек.
Биыл Астана аумағында 3 миллионнан астам біржылдық және кілем тәрізді 500 мың гүл көшетін отырғызу жоспарланған. Демек жаздағы Астана қазіргіден де құлпыра түспек.
Авторлары: Дана Әлиева, Қайрат Ақтөреев, Бауыржан Ебелеков