Аллергиямен ауыратындардың саны жыл сайын 20% артып барады
Бұл дәрігерлер келтірген дерек. Маусымдық созылмалы ауру әдетте белгілі бір ағаштар мен бұталардың тозаңдануынан қозады. Әсіресе экологиялық жағдайы мәз емес Алматыда аллергия белгілері өткір. Ауадағы зиянды қалдықтар ауруды үдете түседі. Төсекке таңбаса да, мазаны қашыратын кеселмен қалай күресуге болады және дәрігерлер қандай кеңес береді?
Көктемнің ортасы көптеген өсімдіктің белсенді тозаңданатын кезеңі. Дәл осы уақытта ауаға көп мөлшерде тозаң тарап, бұл кейбір адамдарда аллергиялық ренит немесе конъюктивит белгілерін тудырады. «Созылмалы дерт адамның өмір сүру сапасын төмендетеді»,— дейді дәрігерлер. Соңғы уақытта жасыл желекті Алматыда маусымдық аллергиямен ауыратындардың саны артқан.
Таир Нұрпейісов, Алматы қаласының бас аллергологы:
-Әлемнің бірде-бір елінде пациенттер саны туралы нақты статистика жоқ, себебі науқастар әртүрлі мамандарға, педиатрларға, терапевттерге, ЛОР дәрігерлеріне, пульмонологтарға жүгінеді. Кейбірі ғана аллергологтың алдына келеді. Біздің бақылауларымыз бойынша отандастарымыздың үштен бір бөлігі аллергиялық аурудан зардап шегеді. Алматы тұрғындарының 15-20% аллергиялық ринитпен ауырады.
Алматыда терек, қайың, емен, бұталардың гүлденуінен болатын аллергия көп кездеседі. Әсіресе терек үлпегін шашатын кезеңде түшкіріп, көзі қызаратындардың саны басым. Одан бөлек қаланың атмосферасы да қалыпты деуге келмейді.
Гүлзат Кеңесова, «Қазгидромет» РММ жетекші инженері:
-2024 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша Алматыда ауаның ластану деңгейі өте жоғары деп бағаланды. Стандартты индекс бойынша 7, бұл жоғары деңгей және ең жоғары қайталануы бойынша 52% көрсетті. Бұл өте жоғары деңгей.
«Күн сайын ауадағы зиянды газдардың, шаңның мөлшері шекті рұқсат етілген концентрациядан асып кетеді»,— мамандар. Ал азот диоксиді, күкірт оксиді, көмірқышқыл газы табиғи аллергендердің әсерін одан әрі күшейтеді. «Аллергия созылмалы ауру болғандықтан, оны толығымен емдеп жазу мүмкін емес»,— дейді дәрігерлер.
Райхан Бекмағанбетова, дәрігер-аллерголог:
-Негізі аллергиядан толығымен емделу мүмкін емес. Бірнеше жыл бұрынғыға қарағанда қазіргі кезде заманауи емдердің арқасында біз толығымен ремиссияға келгізіп пациентті толығымен ауруын қадағалап, оның өмір сапасын нашарламауына жеткізетін ем түрлері бар.
Ең дұрысы - маманның көмегіне жүгіну. «Аурудың қозу кезеңі мен саябырсыған қысқы уақытта дұрыс ем алса, аллергияны бақылауда ұстауға болады»,— дейді мамандар.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов, Мұхит Құдықбаев