Биыл Абай облысына оңтүстік өңірлерден 13 адам қоныс аударады
Курчатов қаласына көшіп барған жанұялардың арасында астаналықтар да бар. Азаматтардың тұрғылықты мекен жайын ауыстыруға «Ерікті қоныс аудару бағдарламасы» сеп болды. Соның аясында оларға мемлекеттен қолдау көрсетілді.
Дәрігер Мөлдір Нығметжанова Астанадан Курчатовқа бір ай бұрын көшіп келді. «Ерікті қоныс аудару» бағдарламасы туралы интернет арқылы біліпті. Абай өңіріне жанұясымен қоныс аударуды ұйғарған. Жаңа ортада ерлі-зайыптыларға тұрақты жұмыс тез табылды.
Мөлдір Нығметжанова, терапевт:
- Мемлекет тарапынан берілетін көмектер қызықтырды. Субсидия, тұрғын үймен қамтамасыз ету. Жұмыспен қамту. Сол бағдарламаны көріп осы жаққа хабарласып, ауруханада учаскелік терапевт болып орналастым. Жолдасымды да жұмыспен қамтамасыз етті.
Курчатов қаласына барғандардың мұғалім, заңгер және медицина саласында жоғары білімі бар. Бәріне де қызметтік пәтер беріліп, материалдық қолдау көрсетілді. Келісімшартқа сәйкес олар өңірде кемі екі жыл жұмыс істеуі тиіс.
Әлия Сұлтанова, Курчатов қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры:
- Бізден материалдық көмек төленеді. Ол жолдарына 241 мың, 500 теңге әрбір отбасы мүшесіне. Және де пәтер жалдауға ай сайын 69 мыңнан жоғары төленеді. Қазіргі таңда біздің қаламызға денсаулық саласында және де білім саласында мамандар жетіспейді.
Моноқалада денсаулық сақтау және білім саласында маман тапшы. Қазір 17 мұғалім мен 5 дәрігер қажет. Жалпы Курчатов қаласының электронды еңбек биржасында 70-тен аса бос жұмыс орны бар.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Әсем Өтешова, Берік Жобалайұлы