Хабар телеарнасы

Түркістан облысында 10 мектептің құрылысы кестеден кешіктірілді

Мердігер мекемелердің салғырттығынан 8 аудандағы білім ошақтарын жөндеу жаңа оқу жылына дейін аяқталмауы мүмкін. Облыстағы бір мыңға жуық мектептің 80% интернет жылдамдығы төмен. Салдарынан турникет, бейнебақылау камералары мен дабыл батырмалары істен шығып, қауіпсіздік талаптары сақталмай отыр. Білім сапасын бақылау департаменті өкілдері мониторинг барысында бұдан өзге де біршама кемшіліктерді анықтады. Яғни аудан орталықтарынан шалғай орналасқан білім беру ұйымдарында санитарлық жағдайлар сақталмай, мектеп парталары тозған. Осыған сәйкес жауаптыларға кемшіліктерді жаңа оқу жылына дейін түзетуге нұсқау берілді.

Бейбіт Қазыбеков, облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің бас маманы:
-Ағымдағы оқу жылына дайындығын саралау мақсатында ішкі және сыртқы әжетханалардың жұмыс істеуі, мектептердегі қауіпсіздік, оның ішінде дабыл сигналдарының болуы, оның ішкі істер органдарына жалғануы бойынша аудандарда мониторинг жүргізіп жатырмыз.