БҚО-да қымыз дайындаудың қыр-сырын білетін шаруа тұрады
Батысқазақстандық фермер Мырзабай Боранбаев өңірде алғашқылардың бірі болып бие сауу процесін механикаландырған еді. Қожалықта арнайы аппаратпен күніне 4 мезгіл 20 бие сауылады. Келешекте шаруа облыс орталығынан қымызхана ашқысы келеді.
Жылқы – қазақтың жаны, жеті қазынаның бірі. Ал қымыз мың бір дертке шипа, жанға дауа. Осыны жастайынан жадына жаттап өскен Мырзабай Боранбаевтың бие байламаған кезі болған емес. Соңғы жылдары сауу процесін толық механикаландырған.
Мырзабай Боранбаев, Бөкей ордасы ауданының тұрғыны:
-Қазақтың байырғы технологиясы бойынша дайындаймыз. Қымызды баптаймыз, күтеміз. Көбіне ащы қымызды тамақтан кейін ішкен жақсы, саумалды тамаққа дейін ішкен жақсы. Ол енді ананың сүті сияқты. Ананың сүтінен кем емес нәрсе. Сәбилерге дейін немерелерім, інілерімнің қыздары сиырдың сүтін ішпейді. Биенің сүтін ішеді, соны күтіп отыр қазір.
Қымыздың адам ағзасына ұшан-теңіз пайдасы бола тұра, әлі күнделікті рационымыздан лайықты орын ала қойған жоқ. Шілденің шіліңгір ыстығында шөл басар сусындардың қатарына қоспайтынымыз да рас. Оның басты себебі қымыз ішу мәдениетінен қол үзіп бара жатқанымызда деп пайымдайды фермер. Қазір сауда сөрелерінде бөтелкедегі бие сүті самсап тұрғанымен, оның сапасына күмәнім бар дейді ол.
Мырзабай Боранбаев, Бөкей ордасы ауданының тұрғыны:
-Қымызды бөтелкеге құюға қарсымын деп тұрғаным, ол «покойда» тұрады. Байқасаңыз кез-келген жерде күңгірт ыдысқа құйып сатады. Ол коммерциялық мақсатпен тауарлық түрін бұзбас үшін ғой. Оның көк суы бөлек, мағызы бөлек бөлініп кетіп тұрады. Оның сыртына оқып қараңыз, шайқамаңыз деп жазып қояды. Ал қымызды негізі шайқап, сапырып ішу керек. Ол ана оттегімен байытылуы керек. Оттегімен байытылмаған қымыз ішті ауыртады.
Бірнеше жыл бұрын Ресейдің Саратов қаласындағы Вавилов атындағы университетте органикалық тағамдар көрмесі өткен екен. Мырзабай Боранбаевтың сол байқауға жіберген өнімі бас жүлдені иеленіпті. Мұның өзі қазақтың қымыз дайындау технологиясының басқалардан бәсі биік екенін көрсетсе керек. «Келешекте қаладан қымызхана ашып, қымыз ішу мәдениетін насихаттағым келеді», — дейді бөкейордалық шаруа.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ.Махмудов, Э.Аюпов