Павлодар облысының экологиялық ахуалы сын көтермейді
Құрғақшылық салдарынан өзен-көлдер тартылып, шабындық пен егіс алқаптары күйіп кеткен. Қоян жылы шаруаға ауыр тиіп тұр деген фермерлер төтенше жағдай жариялауды сұрап отыр.
Мәселен, Май және Ақтоғай ауданының шаруалары жыл сайын Ертіс жағалауындағы шабындықтардан пішен дайындайтын. Биыл шалғыға ілінер шөп таппай қалды. Өйткені Ертіс өзені тасыған жоқ. Ал қырдағы шөп аптап ыстықта күйіп кетті. Өңірге ала жаздай бір тамшы тамбаған. Министр мұны жаһандық жылыну салдарынан климаттың өзгеруінен туындаған жәйт деп түсіндірді. Өрттің жиілеуі, құрғақшылық. Мұндай табиғи апаттар қайталана береді. Халықаралық сарапшыларды тартып, алдағы уақытта қатаң климаттық жағдайға бейімделу жолдары іздестірілетінін атап өтті.
Зүлфия Сүлейменова, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
- Биылғы жылы қалыптасқан су тапшылығы жағдайы ол сонымен қатар климаттың өзгеруімен де байланысты. Климаттың өзгеруі жалпы құрғақшылыққа әкеліп жатыр. Судың тапшылығына әкеліп жатыр. Яғни біз оны ғылыми түрде көріп жатырмыз. Әрине, бұл да табиғи үдерістер. Сол табиғи үдерістерге біз дайын болуымыз керек.