Хабар телеарнасы

Сенат депутаттары Ұлытау облысына барды

Парламент Сенатының депутаттары Серік Шайдаров пен Советбек Медебаев Ұлытау облысына барды. Өңірдегі аудан-ауылдарды аралап, тұрғындармен кездесті. Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму үрдісі және Жезқазған жылу электр орталығының қысқы маусымға әзірлігімен танысты. 

Жезқазған жылу электр орталығының негізгі жабдықтары 60 пайызға тозған. Өткен маусымда бірнеше рет апаттық жағдай болды. Жеке компанияның басқаруындағы нысан жылыту маусымына әзірлікті көктем шыға бастаған еді.  Бірақ әлі күнге дайындық толық аяқталған жоқ. 

Серік Шайдаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Қаражат жетіспейді, жұмыскерлер жетіспейді дейді. Кішкене графиктен қалу байқалып отыр. Қысқа мысалы 6 қазандықпен кіреміз деп отыр. Ол аз. Резервте қазандық жоқ. Сондықтан бұл мәселені біз Үкімет деңгейінде көтереміз деп солай шештік.

Сенаторлар Жезқазғанда тұрғындарының жеке мәселелерін де тыңдады.  «Облыс орталығындағы экология, тұрмыстық қалдықтарды шығару, ауыз су сапасының төмендігіне қатысты түйткілдерді назарға аламыз», – деп уәде берді.

Советбек Медебаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Біз осы Ұлытау облысынан сайланғаннан кейін елдің, халықтың жағдайын біліп, қандай мәселелер бар, шешілмей жатқан күрделі проблемалар жөнінде өзіміздің қолымыздан келгенше мемлекеттік деңгейде шешу жолдарын қарастырамыз.

Жергілікті өзін-өзі басқару институттарын жетілдіріп, халықты мемлекетті басқаруға белсенді тарту қажет. Сенаторлар осылай дейді. Ол үшін жоғары палата жанында арнайы Кеңес жұмыс істейді. Әр азамат жаңа заңнамалар мен кодекстерге қатысты ұсыныстарын мәслихат арқылы сол Кеңеске жолдай алады. Сенат депутаттарының өңірге сапары Ұлытау және Жаңаарқа аудандарында жалғасады.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев