1 қыркүйектен бастап ит пен мысықты тіркеу міндеттеледі
Елімізде 1 қыркүйектен бастап ит пен мысықты есепке қою міндеттеледі. Иесі бас тартқан жағдайда айыппұл қарастырылған. Тіркеу қазір тегін болғанымен, алда ақылы болуы да мүмкін. Ал жануарлар құқығын қорғайтын мамандар чиптеуге қарсы. Себебі есепке қоюда шикіліктер бар деп отыр.
Мұрат Белгібаев осыдан 1,5 жыл бұрын иесіз мысықты асырап алады. Бірақ әлі күнге дейін құжаты жоқ. Енді айыппұл арқалап қалмайын деп тіркеу пунктіне келіп отыр.
Мұрат Белгібаев, қала тұрғыны:
-Балалар тауып алған жас мысық қой. Заң бойынша айыпталған соң, чиптеу керек деген соң әрі кейін мәселе туындатпау үшін алып келдік. Тексереді деп айтты.
Қазір Астана қаласында 1 тіркеу пункті бар. Бүгінге дейін 14 мыңнан аса ит пен мысық есепке алынған. Алайда олардың 5000-да ғана иелері бар. Қалғаны қаңғыбастар қатарында. Ал тіркемегендер үшін 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған.
Алмас Тұрымбетов, қалалық ветеринария бөлімінің басшысы:
-Ешкім үйге кірмейді. Бір жерден екінші жерге ит мысығын көшіру кезінде қиындықтар болуы мүмкін. Себебі тіркелмеген итті база қағазын бермеуі мүмкін. Анықтама берілмейді. База таппайды.
Тіркелген үй жануарының зарарсыздандырылуы мен екпесін уақытылы алуына иесі жауапты болады.
Астана қаласындағы 2 панажайдың бірі тұрғындардың шағымымен жабылған. Жалғыз қалған мына панажайда 2,5 мың ит, 100-ден аса мысық бар. Әлеуметтік желідегі зообелсенділер егер міндетті есепке қою басталса қаңғыбас ит пен мысықтың қатары күрт көбеюі мүмкін дейді. Өйткені көпшілік жауапкершіліктен қашып үйдегі жануарларын көшеге шығарып жіберіп жатады. Ал олай болған жағдайда мына жалғыз панажай жеткіліксіз болуы мүмкін. Мұндай қауіптің бар екенін министрлік те растап отыр.
Талғат Ердешев, ҚР ЭТРМ комитеттің бас сарапшысы:
-Қауіп бар. Бәрін жергілікті бюджет арқылы чиптеп, жануарларға арналған баспаналарда ұстайды. Егер ауруы бар болса гуманды жолмен өлтіруі мүмкін.
Зообелсенділер иттерді негізсіз ату көбейе ме деп те алаңдайды. Бұдан бөлек олар әр облыстың базалары әртүрлі болғанын да құптамай отыр. Өңір әкімдіктері чиптеуді ақылы етуі де мүмкін.
Наталия Сульжик, қоғамдық қордың мүшесі:
-Барлық органдар мұны қолдап отыр. Түсініксіз. Мәселен, таңба бұл – жеке ұйымға тиесілі. Онда біздің жеке ақпараттарымыз енгізіледі. Ал оның қауіпсіздігіне кім жауап береді? Менің ойымша, мемлекеттік бір ғана база болуы тиіс және тегін болуы керек. Иттерге блюс қоюға болады. Бірақ барлығы чиптеуге итермелеп жатыр. Бұл дұрыс емес. Чиптер де сапасыз.
Маман міндетті есепке қою үшін әлі де көп дайындық қажет екенін айтады. Сондықтан қазір қоғамдық қор мүшелері министрлікке заңнамалық өзгерістер үшін ұсыным хат дайындап жатыр. Олардың бар қалауы — тіркеудің әлемдік тәжірибеде жүргізілуі.
Авторлары: Нұрлан Әбдікәрім, Асхат Қарақойшиев