Хабар телеарнасы

СҚО-да орман қорын ұлғайту жұмыстары қолға алынды

Жыл соңына дейін өңірде 23 млн түп ағашы егіледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге көп. Көшет отырғызып жатқан көпшіліктің жұмысын аймақтағы әріптесім Самат Қайырденұлы көріп, қолқабыс етіп қайтты. 

«Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын». Солтүстікқазақстандық Жалғас Асқаров осы қағиданы ұстанады. Өзі бала кезінен орманшы болуды армандаған. Сәтін салса, келер жылы қолына дипломын алады.

Жалғас Асқаров, студент:
- Ауылда енді орман шаруашылығында жұмыс істейтін адамдар көп. Соларға қарап, қастарында өсіп, олармен жұмыс істеп, көмектесіп өзіме қызықты болып кетті. Енді болашақта ормандар өсіріп, соларды көрсем деп тұрмын.

Қазір орманшылар үшін жұмыстың нағыз қызған шағы. Соңғы кездері толассыз жауған жауын көшет егуге қолайлы болып тұр.

Самат Қайырденұлы, тілші:
- Бұл жер бұрын қайың орманы болған. Мамандар қазір қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сәтін салса, алдағы 10-15 жылда бұл жерде қылқан жапырақты ағаштар өсіп шығады деген жоспар бар. 

Жауаптылардың айтуынша, бұл учаскеге осыдан бірнеше жыл бұрын қарағай көшеттері егілген. Алайда олардың басым бөлігі жабайы жануарлардың азығына айналған.

Тимур Звереченко, университеттің «дене және әскери тәрбие теориясы мен әдістемесі» кафедрасының доценті: 
- Ресей жақтан келген еліктер біздің жұмысты қиындатып жіберді. Сондықтан біз шетелдік мамандардың тәжірбиесіне жүгінуге мәжбүр болдық. Яғни мына балқарағайлардың барлығын арнайы қоспамен өңдедік. Жағымсыз иісі бар. Енді алдағы 1-2 жыл бойы жабайы жануарлар оған жақындамайтын болады. 

Жыл соңына дейін облыс аумағында 23 млн астам ағаш егіледі. Көбі қайың мен қарағай. 2021-2025 жылдарға арналған орман алқаптарын ұлғайтудың кешенді жоспары бекітілген. Осы уақыт аралығында орман қоры 20 мың гектарға ұлғайды. Сондай-ақ келешекте мамандар тәжірибе ретінде өңірде жаңғақ ағаштарын да егіп көрмек.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков