Хабар телеарнасы

Қарағанды облысында 10 мектеп қайта жабдықталады

Қарағанды облысында денсаулығында ақауы бар балалар оқитын 10 арнайы мектептің сыныптары қайта жаңартылып жатыр. Олар енді еуропалық алтын стандартқа сай құрал-жабдықтармен жабдықталады. Ал мұғалімдері болса интерактивті және мамандандырылған жабдықтармен жұмыс істеп үйреніп, шеберліктерін шыңдайды. Бұл «Қазақстан Халқына» қорының жергілікті әкімдікпен бірге жүзеге асырып жатқан жобасы.

Бұл Қарағанды облысындағы есту қабілеті нашар балаларға арналған арнайы мектеп-интернат. Мұнда 120-ға жуық бала білім алады. Олардың жартысынан көбі осында жатып оқиды. Білім ордасындағы 30-ға жуық сыныптың 6-уы биыл жөнделді. Оған ұстаздар да, оқушылар мен ата-аналар да дән риза.

Камила Мұхамедрахымқызы, ата-ана:
-Маған осы мектептің білім беруі қатты ұнады. Сондықтан Астанадан Қарағандыға мектепке бола көшіп келдік. Қазір білімді ұстаздар есту қабілеті нашар балаларды оқытып жатыр. Жаңа сыныптар бұл істі жеңілдетеді деп ойлаймын.

Қоғамдық қор ерекше балаларға қолайлы орта жасау үшін облыстағы осындай 10 нысанды қайта жарақтандырмақ. Оған 330 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Жоба елдің барлық өңірін қамтып, жыл соңына дейін жүзге жуық арнайы мектеп қайта түлейтін болады.

Ләззат Шыңғысбаева, «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрағасының орынбасары:
-Мұның барлығы біздің балаларымыз қала, ауыл ауданда болсын қатарынан қалмай керекті білім алу және ертең социализациясына ыңғайлы болуы үшін. Осы жоба өткен жылдан басталып кетті. Қазақстан бойынша 98 мектепті осындай құралмен қамтып жатырмыз.

Президент тапсырмасымен құрылған қорда қазір 160 млрд теңгеге жуық қаржы жиналған. Мамандар Қарағанды облысының білім және денсаулық сақтау саласына 2 млрд теңге құйыпты. Алда тағы 7 млрд теңгенің жобасын жүзеге асырмақ.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.