Жыл соңына дейін ақбөкендер саны 2,6 млн жетуі мүмкін
2 млн 600 мың. Осы күзде еліміздегі киік саны осы көрсеткішке жетеді. Қазақ жерінде дала еркесінің мұншалықты көбеюі бұрын-соңды болмаған. Сондықтан сұрақ туындауы заңдылық. Басты мәселе шаруалардың шағымына байланысты туындады. Тек Батыс Қазақстаннның өзінде 5 мың гектар егінді киік отап кеткен. Шабындықтарғада да ауыз салып жатыр. Қайтпек керек? Бір топ маман ақбөкендер санын қалай реттеу керегін талқылады. Тілшіміз Ердаулет Байдуллаевтың материалы.
Салалық министрлік өкілдері тілшілермен әр кездескенде киік санын реттеу бойынша шешім жуырда қабылданады деп айту әдетіне айналды. Бұл олардың жауапсыздығы емес, мәселенің күрделілігінде. Жалпы Ақбөкендерді атуға 1999 жылдан бастап мораторий енгізілген. Себебі сол кездегі саны небәрі 20 мың болған. Киелі жануар ерекше қорғауда жүріп қатарын жылдам көбейтіп 300 мыңға жетті. Бірақ 2015 жылы соның 200 мыңы белгісіз аурудан қырылып қалды. Араға 10 жыл салып, олардың саны 2 млн жуықтапты.
Андрей Ким, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасырның орынбасары:
- Біз киіктерді жойылып кету қаупінен аман алып қалдық. Енді санын реттеу үшін аулап, етін өңдеу керек деген ұсыныс қаралуда. Ондай шешім шықса неше пайызын аулаймыз. Соның есебін жасау қажет. Тағы бір сұрақ олардың мүйізін ресми түрде сатуға болмайды. Сондай халықаралық келісім бар. Біз оны қоймаларда сақтауымыз тиіс.
Етін сатқанымен демек мемлекет қара нарықтағыдай киіктің мүйізінен миллиондаған табыс таба аламайды. Сосын киік санын адам қолымен реттеуден бөлек табиғи реттеу деген де түсінік бар. «Оны да ескеру керек»,- дейді мамандар.
Константин Плахов, Зоология институтының биоценология және аңтану зертханасының меңгерушісі:
- Ақбөкендер арасында ауру көп. Тарихқа қарасақ, 1917-18 жылдары және 1928 жылы Қазақстан аумағында киіктердің жаппай қырылуы болған. Ол кезде нақты саны жазылмады. Бірақ жойылып кету қаупі туындады. Енді саны айтарлықтай көбейді. Бірақ бұл да қауіпті. Өйткені топтасып тұрған жерде ауру шығу тәуекелі жоғары және олай бола қалса, вирус жылдам тарап шығын көп болады. Сырқат үй жануарларына да жұғуы мүмкін. Өйткені жайылымдары бір.
Тек жайылым емес, киіктер шабындықтарғада ауыз салып жатыр. 1 млн гектар жерді таптап, 5 мың гектар егінді отап кеткен. Есептеулер бойынша шаруларға 12 млрд теңге шығын келіпті. Дала еркелерінің санын реттеу деген сұрақ осыданда туындап отыр.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков