«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Ақтөбе облысының елді мекендерін аралап жүр
Бүгін Мәртөк стансасына тоқтап, аудан тұрғындарын қабылдай бастады. Жергілікті халық екі күн бойы кез-келген дәрігерге қарала алады. Алматыдан ел аймақтарына аттанған пойыз сәуір айынан бері 50 мыңға жуық адамды қабылдаған.
Есенғали Байденов медициналық пойыздағы дәрігерлерге көріну үшін Аққайың ауылынан арнайы келген. Себебі зейнет жасына жеткен соң денсаулығы сыр бере бастапты. Ал бұған дейін аудандық аурухана қызметкерлері атаны есепке алып, тұрақты түрде емделуге кеңес берген.
Есенғали Байденов, Мәртөк ауданының тұрғыны:
-Жүрегімді қаратып, сосын невропотолог, неге қаратайын деп келгенім ғой. Менің жолдасым жылда қаралады осы келгенде. Осылай келгені жақсы, сол жолдасымда осында алып келді ғой мені.
Мәртөкке аялдаған «Саламатты Қазақстан» пойызы жергілікті тұрғындарға екі күн бойы қызмет көрсетеді. Мұнда денсаулықты тексерту үшін барлық мамандар мен қажетті заманауи үлгідегі жабдықтар бар. Келген азамат қан тапсырудан бастап, өзін мазалаған дерт түрлері бойынша ем ала алады.
Айнұр Егінбаева, «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының бас дәрігері:
-Кез-келген азамат біздің пойыздан көмек ала алады медициналық. Страховкасы бар-жоғын қарамаймыз ондай халықтың келген. Келген науқастар сол мезетте қортындыларын алып кетеді. Үйге де барамыз, егерде үйде жатқан науқастар болса.
Медициналық пойыз Ақтөбе облысына дейін еліміздің 11 өңірінде болып, 50 мыңға жуық тұрғынды қабылдады. Биыл дәрігерлер тобына ҚР-ның Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері де кіріп, азаматтарға әлеуметтік, заңдық тұрғындағы қызмет көрсетуде.
Әлия Бұрашева, кәсіби медиатор:
-Көбіне ауылдан келетін халықтардың сұрағы жер, су мәселесі, дәрігердің жоқтығы, жұмыссыздық жөніндегі мәселелермен біздерге келеді. Біз әр мәселені жергілікті әкімдермен сол жерде шешімін табуға тырысып көмектесіп жатырмыз.
Ел өңірлерін аралап жүрген Саламатты Қазақстан пойызы әлі үш облыста аялдайды.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев