Хабар телеарнасы

Түркістан облысының шаруалары цитрустық жеміс ағаштарын жерсіндірді

Түркістан облысының шаруалары цитрустық жеміс ағаштарын жерсіндірді. Сарыағаштағы Тұрсын Тасқожаның жылыжайында банан мен папайя жыл 12 ай өнім беріп жатыр. Сондай-ақ тәжірибе алаңында дәмі тіл үйіретін өзге де тропикалық өскіндер жайқалып өсе бастады.

-Тропикалық аймақтың ауа температурасына бейімделген цитрустық жемістер Сарыағаштың топырағына да жерсінді. Қазір шаруашылықтың 12 соттық тәжірибе алаңында банан мен папаядан бөлек, құлпынайдың жаңа тұқымы, киви, зәйтүн, лимон мен мандарин ағашы да жайқалып тұр.

63 жастағы Тұрсын Тасқожа жемістердің таңдаулы көшетін алдырып, тұқымын қолдан көбейтіп отыр. Жылыжайдың құнарлы топырағы ешбір қоспасыз табиғи дәрумендермен тыңайтылады. «Сондықтан ерекше күтімнің арқасында банан ағашы бір жылда тамыр байлап, 4 метрге дейін бойлады»,— дейді. Қазір әр 1,5 айда 25 келіден аса өнім береді.

Тұрсын Тасқожа, шаруа қожалығының төрағасы:
-Көп жылдық деп айта аламыз. Бір-ақ түп әкелгенбіз кішкентай 20-30 см. Соны еккенбіз. Міне жанынан көбейіп-көбейіп осылай салып жатыр.

Шаруашылыққа тиесілі тағы 4 гектар өндірістік жылыжай бар. Тамшылатып суару мен автоматтандырылған жүйенің арқасында қызанақтың өнімділігі екі есеге дейін өскен. Алайда цитрустық жемістер мен дәмі тіл үйіретін жидектерге сауда нарығында сұраныс жоғары. Сондықтан агрономдар тропикалық белдеуде ғана өсетін өскіндерді көбейтіп, құлпынайдың жаңа тұқымын жаппай егістікке әзірлеуде.

Атхам Омаров, агроном:
-Енді өнімнің біреуі 1-1,5 кг барды өзіміз көрдік. Келіп көріп жатыр. Сұраныс жақсы. Алдағы уақытта көбейтеміз деп жоспарлап отырмыз. Көзіміз жетті. Қазақстанда осындай талдарды егіп, өнім алуға болады екен.

Тұрсын Тасқожа тәжірибе алаңында бұдан өзге де жемістерге сынақ жүргізуді жалғастыра бермек. «Басты мақсат — импортты ысырып, сауда сөрелерін табиғи таза өніммен қамту»,—дейді. Ол үшін көшеттерді көбейтіп, өзге шаруашылықтармен де бөлісуге дайын. Ауданда 760 гектар жылыжай кешені бар. Шаруалар экзотикалық жемістерге де субсидия бөлуді сұрап отыр.

Әлайдар Әмірханов, Сарыағаш аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
-Біздің есебіміз бойынша 1 мыңға жуық азамат сертификат алу керек. Қазір 300 ден астамы сертификат алды. Цитрустық өсімдіктерді, гүлді, құлпынайды, жидектерді қосу бойынша ұсыныстар болып жатыр.

Бағбандардың сөзінше, елімізге жыл сайын өзге мемлекеттерден 150 мың тоннадан астам цитрус жемістері саудаланады. Ал Тұрсын Тасқожа тәуелділікті азайтып, жергілікті өнімді көбейту үшін жемістерді өсірудің қыр-сырын үйретуге дайын.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов