Хабар телеарнасы

Ақтөбеде «Әдебиет. Рух. Қоғам» атты әдебиет форумы мәресіне жетті

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін маңызды шара биыл әйгілі жазушы, драматург Тахауи Ахтановтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылды. Форум аясындағы байқауға қатысу үшін бұл жолы 180-ге жуық өтініш түскен. Үздік шығарма авторларын іріктеген қазылар алқасы жеңімпаздарды марапаттады.

Белгілі ақын, драматург Бақыт Беделханұлы Тахауи Ахтанов атындағы жүлдеге ие болды. Ол әдеби байқауға Алаш ардагерлеріне арнап жазған «9 грамм» атты шығармасын ұсынған. Бірқатар туындының авторы бұл жолғы сайысқа қатысу үшін ұзақ еңбек еткен. Себебі ұлт болмысы мен рухын көтеру жауапкершілігі зор міндет.

Бақыт Беделханұлы, ақын, драматург:
- Менде жүрген жерде айтып жүретінмін, батыр мен ақын қосылмай рух болмайды. Екеуі жұдырықтай бірікпей ұлт болмайды. Әдебиет майданы деген дүние ол ұлттың тұғырын көтеру, алтын қазығының түбін нықтау.

Байқау 11 номинация бойынша өтті. Онда әдебиеттің барлық жанры мен бағыты қамтылған. Байқауға қатысу үшін 178 үміткерден өтініш түсті. Үздіктерді анықтаған қазылар алқасының мүшелері поэзия, проза және балалар әдебиетіне қалам тербегендердің еңбектерін атап өтті. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық табыс етілді.

Азамат Әбілқайыр, тележүргізуші, байқауға қатысушы:
-Бізде енді том-томмен кітапханаларда, сөрелерде тұр ғой. Соның барлығын енді комикс жанрына, мультфильмге айналдырсақ, ол балалар әдебиетінің бір жауапкершілігі де, мәртебесіне де өсіп қалғанын көрсетеді.

Әдебиет форумы Ақтөбеде осымен бесінші мәрте өтіп отыр. Бұл жолғы шараға елімізден өзге, Қырғызстан елінен де қаламгерлер келді.

Асхат Шахаров, облыс әкімі:
-Шындық айту керек, қазір мына виртуальдық өмір пайда болды. Жастар басым соған көңіл аударады. Ең бастысы осы қағазда қалатын, біздің рухымызды көтеретін бағытта жасалып жатқан шара. Сондықтан біз қай жағынан болса да, біз көмектесуге дайынбыз.

Бұл шара алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өтетін болады.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков